Еуропа жəне Америка елдерінің қазіргі заман тарихы (1945-2009). Бақыт Бөжеева
1950–1970 жылдары 32,8-ден 36,7 пайызға өссе, мамандығы жоқ жұмысшы үлесі 15,2-ден 13,3 пайызға қысқарған. АҚШ-та қызмет көрсету саласының қарқынды дамуына байланысты халық санының көбеюі де байқалды. 1940 жылдан 1960 жылға дейін, 20 жыл ішінде халық саны 132 млн-нан 178 млн-ға дейін, яғни 35 пайызға өскен. 50-жылдардың өн бойында АҚШ халқының едәуір бөлігінің тұрмыстық жағдайы айрықша жақсарды. 1950–1960 жылдары орташа еңбекақы сағаты 1,4-тен 2,2 долларға дейін өсті. Өнеркәсіптің көптеген салаларында бес күндік жұмыс күні енгізілді. Ауыл шаруашылығын индустриализациялау нәтижесінде 50-жылдардың аяғында фермерлік қожалықтардың 80 пайызы электр жарығымен қамтамасыз етілген болатын. Автокөлік пен жаңа тұрмыстық техниканы иеленген жанұялар саны да артып жатты.
Бірақ Құрама Штаттарының 40–50-жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы кейбір қайшылықтармен де сипатталады. Америкалық қоғамның барлық әлеуметтік тобы өздерінің игілікті тұрмыс деңгейіне, әрине, қол жеткізе алған жоқ. Бұлардың қатарында біліктілігі жоқ жұмысшылар, ұсақ фермерлер және тағы басқа табысы аз тап өкілдері болды. Сондықтан да осы кезеңдегі АҚШ-тың бірінші кезектегі тұрған мәселесінің бірі болып кедейлікпен күрес еді.
Эйзенхауэр үкіметінің сыртқы саясаты. Эйзенхауэр сыртқы саясатында қарсыластық құбылыстар байқалды, бұл негізінен «қырғиқабақ соғысының» жақтастары мен оған қарсыластар арасындағы күрес болды. Корей соғысында жеңіске жету мүмкіндігінің жоқтығынан Эйзенхауэр әкімшілігі уақытша бітім жөніндегі келісімге қол қояды.
Президент Эйзенхауэр мен мемлекеттік хатшы Джон Фостер Даллес «кеңестік үстемдіктегі» халықты коммунизмнен «азат ету» бағдарламасын жарияласа да, іс жүзінде «коммунизмді тежеу» саясатымен шектелді. Францияның Үндіқытай халқына қарсы соғысында АҚШ Францияға көмек көрсетті. 1954 жылдың жазында АҚШ-тың көмегімен Гватемаледағы революция басылып тасталды. 1954 жылдың шілде айында Женевада КСРО, АҚШ, Англия мен Франция үкімет басшыларының мәжілісі өтеді, бірақ ол әлемдік саясаттың қандай да бір нақтылы мәселесін шешуге әкелмеді, бірақ «Женева рухы» халықаралық жағдайды қалпына келтіруде біраз да болса тұрақтандыратын әсер берді.
50-жылдардың екінші жартысында америкалық-кеңестік қарым-қатынастардың жақсаруы байқалды. 1959 жылдың қыркүйек айында Н. Хрущев АҚШ-қа ресми сапармен барып қайтады. 50-жылдардың аяғында ғылым, мәдениет және білім саласындағы алмасу жөніндегі кеңестік-америкалық келісімге қол қойылды.
Кеңестік-америкалық қарым-қатынастардың жақсаруына қарамастан америкалық әскери ұшақтарының КСРО аумағына бақылау жасау әрекеттері жалғаса берді. 1960 жылдың мамыр айында кеңестік зымыран олардың біреуін жойған болатын. Осы оқыс оқиғаның нәтижесінде Париждегі мәжіліс және Эйзенхауэрдің Кеңестер Одағына сапары бұзылды.
1960 жылғы сайлаудағы демократтардың жеңісі және олардың әлеуметтік-экономикалық саясаты. Эйзенхауэр тұсындағы экономикалық дағдарыс оның саясатының сыналуына