Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап. Коллектив авторов
болса Ноғайменен ұрысып жатқанын және Газан хан жағынан қауіптің зор екенін айтып, азар да безер болады. Бірақ ол Хайду мен Дуваға елшілік жіберіп, Құблұқты өзіне жіберуін талап етеді және Ұлыстың нақты билеушісі Байан екенін дәлелдейтін жарлық береді. 1302/03 жылы Байан хан хулағулық Газан ханға елші аттандырып, одан әскери көмек сұрайды. Хайду болса хулағулық әскердің Байан хан әскеріне қосылуына мүмкіндік бергізбейді. Құблұқ өзіне көмекке келген Хайду мен Дуваның және Байаннан бөлініп кеткен әскерлермен қарсыласына соққы беріп Ұлыстың Байанға қарасты бір бөлігін басып алады. Дегенмен де Ұлыстың басым бөлігінде Байанның билігі сақталып қалынады.
Ұзаққа созылған тақ үшін ұрыстар Ұлыстың әлеуметтік және экономикалық жағдайын қатты әлсіретіп жібереді. Рашид ад-Дин Ұлыс халқының күйзеліске түскенін және оның әскерінің бір бөлігі – атты, бір бөлігі – жаяу әскер болып қалғанын айтады да, одан әрі соған қарамастан Байанның әлі тақта отырғанын, оның әскері өте ерлікпен күресіп жатқанын, оның елшілігін Газан ханның өте мол сыймен кері қайтарғанын жазады.
Осылайша, Орда Ежен ұлысы Жошы ұлысының бір әкімшілік бөлігі ретінде қалыптасып, көп ұзамай жеке мемлекет деңгейіне дейін көтеріледі. Ал XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың алғашқы жылдары әулет өкілдері арасындағы тақ үшін күрестер Ұлысты қатты күйзелтіп жібереді де, ол екіге бөлініп кетеді.
Бақылау сұрақтары:
1. Орда Ежен ұлысының құрылуы мен оның Алтын Орда құрамындағы статусын анықтаңыз.
2. Орда Ежен ұлысының ішкі құрылымы қандай болды?
3. Ақ Орда мемлекетінің аумағын көрсетіңіз.
4. Ақ Орданың саяси тарихы бойынша толық мәліметтер қандай деректерде көрсетілген?
5. Шығыс Дешті Қыпшақтағы Барақты биліктен тайдыру қалай жүзеге асты?
§ 2. Ақ Орданың ХІV-ХV ғасырлардың алғашқы жартысындағы саяси тарихы
XIV ғасырдың бас кезінен Орда Ежен ұрпақтарының Сыр өңірінің қалалары мен Жетісу жайылымдары үшін Шағатай ұрпақтарымен күресі жүргізілді. Сонымен бірге далалық аудандардың көшпелілері мен жартылай көшпелілерінің және Сыр өңірі жазирасының отырықшы аудандарының халқы арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды қалпына келтіру үрдісі күшейді.
Ақ Орда хандары Ертістен Сырдарияға, Алтайдан Ұлытау мен Аралға дейінгі кең далада экстенсивті мал шаруашылығын дамытып, дәстүр бойынша жазғы және қысқы жайылымдарға көшіп-қонудың қалыптасқан тәртібін орнықтырып, Сырдарияның орта ағысының, Таластың, Шудың отырықшыегіншілік жазиралары мен Ұлытау даласында шаруашылық және мәдени өмірді қалпына келтіруге қадамдар жасайды.
Му’ин ад-дин Натанзи Ақ Орданың кезекті ханы Сасыбұғаның ұзақ уақыт бойы ел басқарғанын және Сауран қаласында жерленгенін жазады. Ал оның мұрагері Ерзен хан Алтын Ордадағы Өзбек ханның жарлығымен таққа отырады. Оның тұсында Ақ Орда көркейіп, Сығанақ, Отырар, Сауран, Жент, Барышкент қалалары гүлденеді, көптеген ғимараттар салынады.