Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап. Коллектив авторов

Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап - Коллектив авторов


Скачать книгу
немесе жекелеген рулық бөлімшелер мен рулар болсын, өз туған жерінен қол үзумен бірге, ғасырлар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан ортақ этникалық территориядағы этноүрдістерден тыс қалып, өзге этнотерриториядағы этнопроцестерге қосылады. Сөйтіп, олар өздерінің этникалық болмысынан айырылады.

      Деректерде Дешті Қыпшақ тайпаларының моңғолдарға бағынғысы келмей немесе олардан қорқып көшіп кеткендігі туралы мәліметтер кездеседі. Жоғарыда біз келтірген Әбілғазының бір ғана мәліметінен қыпшақтардың бір бөлігінің башқұрттар жеріне көшіп барғанын білсек, оның келесі мәліметінде былай делінеді: «Еділ мен Тин (Дон) аралығында өмір сүретін қыпшақтар төрт тарапқа шашырап кетті», – делінеді. Ал монғол шапқыншылығының Шығыс Дешті Қыпшақтағы этнопроцестерге тигізген ықпалын Р.Г. Кузеев былайша тұжырымдайды: «Моңғол шапқыншылығы көшпелілердің көп бөлігінің жылжуын туғызды, әсіресе жаулап алудың алғашқы сатысында Еуразия далаларының орасан зор аумағы мен солтүстіктегі көршілес аймақтарға жаудан жеңіліске ұшыраған, талан-таражға түскен қыпшақтар шашырап кетті».

      1245-1247 жылдары Рим Папасының Күйік ханға жіберген елшісі Плано Карпини Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірінде қираған көптеген қалаларды, бекіністерді және қаңырап қалған қыстақтарды көргенін баяндайды. Шапқыншылықтан көшпелі және жартылай көшпелі аймақтардың халқы да көп зардап шегеді. Плано Карпинидің мынадай дерегі соған дәлел болады: «Біз қангиттердің жеріне аяқ бастық… Бұл жерден, сондай-ақ Команиядан біз аяқ астында тезекше шашылып жатқан сансыз адамдардың бас сүйектері мен қаңқаларына тап болдық… Бұл адамдар, комондар да, қангиттер де, жер өңдемеген, малмен күн көрген, олар сондай-ақ үй салмастан, шатырларда орналасқан. Татарлар оларды да қырып-жойған, енді өздері солардың жерінде тұрады, ал тірі қалғандарын құл қылып алған».

      Моңғол ақсүйектерінің үстемдігі Жетісу жеріне ауыр тиді. Шыңғыс ханның шабуылына дейін-ақ үздіксіз соғыстарда күйзелістерге ұшыраған бұл аймақтың халқы жаулап алушыларға қарсылық көрсете алмаған болатын. Сондықтан да Жетісуда қалаларды жойып жіберу болмаған. Алайда жазбаша деректер мен археологиялық мәліметтер Жетісудағы қала мәдениеті мен отырықшы-егіншілік мәдениеттің едәуір бүлінгенін, егістік үшін игерілген жерлердің өлкеде моңғол үстемдігінің орнағаннан кейінгі алғашқы ондаған жылдарда-ақ жайылымға айналдырылғанын көрсетеді.

      1253-1255 жылдары Қазақстан аумағы арқылы өткен Француз королі ІХ Людовиктің моңғол ханы Мөңкеге жіберген елшісі Рубрук, егіншілік мәдениеттің күйрегені, Іле алқабындағы қалалардың жойылып кеткендігі туралы алғашқылардың бірі болып деректер қалдырған. Оның мынадай дерегі Жетісудағы моңғол шапқыншылығы мен үстемдігінің зардаптарын көрсетеді: «Біз оң жағын биік тау қоршаған, ал сол жағында айналасы жиырма бес күншілік теңіз бе әлде көл ме, шалқып жатқан өте әсем жазықпен жүрдік. Бұл жазық таудан басталып әлгі аталған теңізге келіп құйып жатқан сумен түгелдей тамаша суландырылған.


Скачать книгу