Империядағы туған күн кеші. Серік Асылбекұлы
сұр пилотканы басынан тастамайтын.
Берікбол. Иә, есімде…
Айдар. Со бала олай өтсек те, былай өтсек те, сарайдың төбесіндегі үйілген пішеннің үстінде қала жақтан келетін айдау қара жолға қарап, шоқиып отыратын да қоятын. Ұмытпасам аты Қасымбек болу керек. Иә-иә, Қасымбек… Біз оған әдейі не дер екен деп: «Әй, Қасымбек, кімді күтіп отырсың?» десек, ол үнемі «Тәтемді күтіп отырмын да» деген бір ғана жауап беретін. Сонда тәте деп әлгі қалада оқитын әпкесін айтады-ау деймін. Әйтеуір таңертеңнен кешке дейін шөптің үстінде шоқиып отыратын да қоятын.
Берікбол. Білесіз бе, қазір сол жігіт Астанада үлкен қызметкер деп естідім. Жаңылыспасам, әлгі Монополияға қарсы республикалық агенттік бар ғой, соның төрағасының орынбасары көрінеді. Негізі сол Қасымбек мектепті де, институтты да жақсы бітірді. Оның үстіне қайын жұрт жағы да бір дөкейлер көрінеді.
Айдар. Қойш?!. Онда Астанаға барғанда о баланы тауып алып, дұрыстап танысып алу керек екен.
Пауза.
Сосын әлгі біздің көшенің бойындағы азық-түлік дүкеніне қарама-қарсы тұратын бухгалтер көкеміз бар еді ғой. Ой, әлгі… атын ұмытып отырғанымды қараш… Әй, анау… тайыншадай-тайыншадай қабаған овчаркалары бар, сыриған ұзын сары.
Берікбол. Е-е, Орынбасарды айтады екенсіз ғой. Ол кісі бізге нағашы болып келеді.
Айдар. Иә-иә, Орынбасар-Орынбасар!.. Әйтеуір жарықтық қысы-жазы басынан бір атам заманға сұр қалпағын, қолтығынан бір қызыл былғары папкасын тастамайтын. Тірі ме әлі?
Берікбол. Жоқ, баяғыда қайтыс болған.
Айдар.(мұсылманшылық салтпен бетін алақанымен сипап). Иманды болсын пақыр. Ал кемпірі ше, бар ма?
Берікбол. Кемпірі бар. Әлі сол «Бірлікте». Сол үйде Бөлекбай деген сәл ақылы кемдеу, бірақ шаруаға мығым бір кісі бар еді ғой, есіңізде ме?
Айдар. Иә, сол анау Орынбасардың үйінің бүткіл қара жұмысын атқаратын ысқаяқ қара ғой. Таңертеңнен қара кешке дейін «Ахау, Айдош-ай, Куда пойдош-ай, Егер мені іздесең, везде найдешь-ай» деп әндетіп жүретін.
Берікбол, Дәл үстінен түстіңіз. Нақ өзі. Ол кісі әлі тың, пәлендей қартаймаған. Әлі сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүр баяғыша.
Айдар. Алда, пақыр-ай…
Ресторанның ауласына Ұлжалғас пен Болат келіп енеді. Болат Берікболды енді көріп тұрса керек, елден келген ағасымен құшақтасып амандасады.
Болат. Келуіңізбен, аға!..
Берікбол. Рахмет-рахмет!.. Үлкен жігіт болдың ба? Оқуға түсуіңмен!.. Тоқсан бес балл алды деп есіттім. Қуанып жатырмыз бәріміз. Құтты болсын ал!..
Болат. Рахмет, айтқаыңыз келсін.
Ұлжалғас (Айдарға).Қонақтар келді. Жаңа сырттарынан көріп қалдым. Сұлтанбек Ертуғанович, Тойболды, Нұрсұлу, келіншек пе, қыз ба – тағы біреу бар, бәрі машинадан түсіп жатыр.
Айдар. Иә, келсін-келсін. Қыз дайын болса, біз дайын дегендей…
Ұлжалғас. Иә, сенің ойың әйтеуір сол ғой… Мына балалардан да ұялмайсың.
Айдар. Е-е, бұлар, немене, еркек емес пе екен?!. (Болатқа бұрылып).