ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі. Электронды оқу құралы. Ө. Әбдиманұлы
көрнекті ақыны, танымал көсемсөзшісі. Қазақша-орысша білімді болған. Оның (“Топ жарған” (1900), “Гүлкәшима” (1903)) поэмалары қазақ жазба әдебиетіне елеулі үлес болып қосылды. М.Сералин өлеңдері қазақ өмірінің, әлеуметтік тұрмысының шындығын танытады (“Бай, патша һәм кедей”, “Бай, қасқыр, аңшы” т.б.).
“Топ жарған” поэмасында Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің нақты шындығы көрініс табады. Поэманың басты кейіпкері Адай жігітінің бостандықты көксеген ой-арманы Кенесары көтерілісімен желілес беріледі. Поэмада Кенесары-Наурызбай көтерілісін қалың бұқараның жақтауы жеке кейіпкерлер сөздері арқылы беріліп, шындықты ашудың жақсы тәсілі қолданыс тапқан. “Топ жарған” поэмасында Кенесары көтерілісінің қазақ бұқарасының мүддесін қорғаған көтеріліс екендігі қилы тағдырлар тоғысы арқылы көрініс табады. Адай жігіті бейнесі – көтерілісті жүрек қалауымен жақтаған ерлер бейнесінің жиынтық образы.
Поэманың композициялық құрылымының ерекшелігі – ақынның орыс классикасынан үйренуінің дәлелі. “Топ жар-ған” поэмасында тіл сонылығы бар. Тарихи шындықты, нақты өмірді тың теңеу, көркем суреттеулермен бере білген ақын поэмасының тарихи мәні өте зор.
М.Сералинні “Гүлкәшима” атты шығармасы (1903) – қазақ өмірінен алынып жазылған лирикалық поэма. Поэманың негізгі идеясы бас бостандығын аңсаған жастар мен әйел теңсіздігін жырлау болып табылады. “Гүлкәшима” поэмасы – махабатты жырлауда жазба кәсіптік әдебиет деңгейінде жазылған, өмір шындығын нақты көрсететін шынайы көркем туынды. Поэмада жекеленген бөлімдердің жүйелігі мен тұтастық желісі бар.
Ақын ескілікті әдет-ғұрыптарға және қазақ қоғамының кертартпа күйіне бас кейіпкердің (Баймағамбет) өлімі арқылы наразылық білдіреді. Поэмада еркіннен айрылған адал жардың сезім тазалығы жырланады. Шығарма сюжеті авторлық шешім арқылы жаңа жүйеде құрылған. Оқиғаның өрбуі көбіне хат арқылы беріліп, авторлық көзқарас арқылы түйінделіп отырады. Поэманың публицистикалық сипаты басым. Онда ауыз әдебиеті дәстүрінің белгілері де кездеседі. Поэмада қазақ тұрмыс-салты кең көрініс тапқан. М.Сералиннің “Гүлхашима” поэмасы ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ поэзиясының ірі табысына саналды. М.Сералин “Рустам-Сухраб” дастанын орыс тілінен аударған (Жуковский). Шығыстың классикалық шығармасы “Шаһнаманың” тұңғыш рет қазақ тіліне аударылуының тарихи маңызы өте зор.
М.Сералиннің журналистік қызметі “Айқап” журналын шығарумен тығыз байланысты. Журналдың бас редакторы ретіндегі идеялық көзқарастарының қазақ ұлтының санасын оятуда мәдени-эстетикалық маңызы бар. М.Сералин – көсем-сөзші ретінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер. Журналдың қазақ мәдениеті мен әдебиетін дамытудағы іс-әрекеттерінде М.Сералиннің басшылық қызметінің әсері мол болды. Өзінің жеке мақалаларында (“Аштық хаһында”, “Келешек заманымыздың қамы”, “Қазақ халқының мұң-мұқтаждығы”, “Қазақ жастары”, “Отырықшы болған қазақтар туралы” т.б.) қазақ қауымын” жоғын жоқтап, отырықшылдық, оқу-ағарту секілді басты мәселелерді нақты көтерді. Мақалаларында тілдік тұрғыдағы жетістіктер де кездеседі. М.Сералин жалпы ұлттық сананы ояту тұрғысында еңбек етіп, ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының