Михаил Есенәлиев: Өнегелі өмір. 26-шығ.. Коллектив авторов
мінезі ашық, таза ниетті, қиындыққа керемет төзімді, еңбекқор, нағыз дарынды адам болатын. Оның ақылы, ұйымдастырушылық қабілеті, дарынды басшылық қасиеті, зиялылығы мен инабаттылығы ортасында құрметке бөледі. Михаил Иванович әрқашан білімге және өзін-өзі жетілдіруге деген талпыныспен көзге түскен. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін үлгі боларлық қасиет.
1981-1989 жылдары Республиканың сыртқы істер министрі болып тұрған кездері де Михаил Иванович өзінің асқан ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Мұндай өз ісіне соншалық берілген тұлғамен сол жылдары танысып, ұзақ уақыт бойы қызметтес болдым.
Қазақстандық дипломатияның қалыптасуына Есенәлиевтің қосқан үлесі зор. Оның бұл игілігі ел жадында қалатыны күмән келтірмейді. Өйткені бұл кісі бар күшін дипломатиялық қызмет мәртебесін жоғарылатуға арнаған. Қазақстанның егемендігі үшін аянбай қызмет еткен Михаил Ивановичтің мектебінен республиканың дипломат кадрлары, сонымен қоса СІМ-нің басшылық етуші құрамы, Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшілері өтті. Ол тәуелсіз елдің болашақ дипломаттарын даярлау ісіне де барынша атсалысқан жан.
Ол кісінің батылдығы, халықтың бойындағы ұлттық рухты оятып, жігерлендіруі біздің өзімізді таңғалдыратын. Көп жылдық тәжірибесі бар дипломаттың дәрістері әрдайым қызықты өтетін, оған шетелден елшілер, консулдар шақырылатын. Михаил Есенәлиевтің тек қазақстандық дипломатияның қалыптасуына, дамуына ғана емес, қазақ мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің дамуына тигізген әсері зор болды.
Сонымен бірге, Михаил Иванович 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында зардап шеккен жастарды ақтау үшін және Қазақстан халқына тағылған «ұлтшылдық» деген айыппен күреседі. Сондықтан, ол кісіні «ұлттың ожданы» деп атайды.
1964 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін көп ұлтты Қазақстанның экономикадағы, саясаттағы және мәдениеттегі барлық жетістіктері үшін маңдай терін төккен азамат. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз нақ осы кісі туралы айтылған болса керек.
Михаил Иванович Есенәлиев аты Алматы мен Павлодар қалаларындағы көшелерге беріліп, Астана қаласындағы Республикалық музейде салтанатты генералдық формасы сақталған. Оның кітаптары, мақалалары ХХ ғасырдың екінші жартысындағы күрделі оқиғаларға толы тарихымызды түсінуге көмектеседі.
Қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтарымызды мәңгі есте сақтауға, әсіресе Михаил Ивановичті үлгі тұтып, игі істерін ұлықтап жүруге міндеттіміз деп санаймын.
ЕСЕНӘЛИЕВ ТУРАЛЫ
Мен Михаил Иванович туралы көп естідім, бірақ 1982 жылға дейін онымен таныс болғаным жоқ. Біздің алғашқы кездесуіміз КСРО Сыртқы істер министрлігінде өтті. Мен ол кезде Орта Шығыс елдері бөлімінде жұмыс істеп жүргенмін. 19-шы қабаттың дәлізінде орта бойлы, сүйкімді келген адам менің қасыма келіп, «Төлеутай Сүлейменовты қалай табуға болады?»