Желтоқсан желі. Серік Асылбекұлы
бері сол сорлы елдің намысын қорғауға бел буған мына балалардай мыңдаған ұл-қызды көріп, төбем көкке екі елі жетпей тұр. «Бар екен ғой, иә, Жасаған!..» деп, ішімнен мың тәуба айттым жаратқанға түнімен. Сен оны қайдан түсінейін деп едің…
Талшын: Иә, біз нені түсінейік. Бізге ондай түсінік қайда?..
Баймырза: Кемпір, сен мені өйтіп шымшыма. Қазақтың ар-ожданын аяққа таптатпаймын деп, жас жүректері лүпілдеп соққан екі ер келіп отыр отыңның басына. Біле білсең, бұлар бізге келген – құт.
Талшын: Құт па, жұт па – оны бір Жаратушының өзі ғана біледі. Сен менің өйтіп тілімді қышытпа, білдің бе!.. Қазақ-қазақ дегенде көкірегің қарс айырылады. Сол қазақтың намысын жыртып, он жыл түрмеде, айдауда жүргенде солардың біреуі артында қалған жесірін мына мені мен ана қызыл иек, аш құрсақ шиеттей үш бала-шағаңа қол ұшын беріп пе еді? Соларды енді екі көзінен қанды жас ағызып, иттей тістелеп жүріп, кәмелетке жеткізген сол сенің айта беретін қазағың ба еді, әлде мына мен бе едім? Елуінші жылдың аяғында түрмеден арып-ашып келгеніңде саған қызмет тауып бермек түгіл, кеңсенің есігінен сығалатпай қойған төрелер де сол сенің айта беретін қазақтарың емес пе еді? Енді бүгін келіп… О, несі, жүдә, көсемси қалғаны.
Баймырза: Олар қазақтың асын ішіп, аяғын тепкен атқамінерлер ғой. Сен қарапайым халық пен билік үшін ар-иманын сатып жіберетін белсенділерді шатастырып тұрсың.
Кенет терезенің алдынан овчаркаларын арпылдатып, бес-алты солдат жүгіріп өтеді. Сырттан: Ддержите! Не упускайте! Бей!.. Пни! Не жалейте!!..» деген үн естіледі. «Апа!.. Апажан!…» деп, құлындағы даусы шырқырап шыңғырған қыз баланың дауысы түн тыныштығын тіліп өтеді. «Ах, ты дикарь, тебе надо было пасти овец, а не демонстрировать тут свою грамотность!..» деген қырылдай шыққан, тістенген, ызалы үн де естіліп жатады.
Пәтер ішіндегілер тілін тістеп алғандай, бір сәтке үнсіз қалады. Бір-екі минуттай бөлме ішін үрейлі тыныштық жайлайды.
Талшын: Ойбай, айттым ғой, әне. Шамды өшір…
Баймырза: Керегі жоқ. Қап, мыналар жас балаларды қыра ма, қайтеді-әй?!
Талшын: Өшір деймін…
Баймырза: Қойсаңшы енді. Шамды өшірем деп, қайта сезік тудырып аласың.
Талшын: Енді қайттік?!
Ақмарал: Ағамдікі дұрыс. Осылай түк болмағандай отыра берейік.
Талшын: Жаман айтпай, жақсы жоқ, қазір кіріп келіп, тінту жүргізсе қайтеміз?..
Баймырза: Өйте қоймас, қаланың қай пәтерін тінтіп тауысады.
Талшын: Сенің-ақ осы жайбарақаттығың қалмайды-ау. Басқаны басқа дейік, осылардың жайын біз екеуміз біліп болдық емес пе?!
Баймырза: Кемпір, маған бір ақыл келіп отыр. Былай болсын: сен шайыңды қайнат, мына балалардың да қарны ашқан шығар. Ал егер сен айтқандай, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей болып, әлгі жаналғыштар келіп, тінту жасап жатса, бұл балдар менің Қызылордадан келіп жатқан немере туыстарым. Племянниктер. Бітті, сөз осы – бұлардың жаңа кешкі пойыздан түскен беттері. Айтпақшы, қарақтарым, сендердің ныспыларың кім? Мен өзімнің племянниктерімнің аты-жөнін білуім керек шығар.
Қайсар: Аға,