Қанатты сөз – қазына. 1-кітап. Кеңес Оразбекұлы
Егер ақыл-парасаты толысып тұрса, неге жасына қарап емес, басына қарап бағаламайсыз деген ойды астарлап жеткізіп тұр.
Сырым жас кезінде бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
– Балалар, аман ба? – депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
– Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді.
Малайсары жалт қарап:
– Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без.
Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? – дейді.
– Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар, – дейді Сырым.
– Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, – деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырып алған екен.
АТЫ ЖҮЙРІК ҚАЙЫРАДЫ, ТІЛІ ЖҮЙРІК АЙЫРАДЫ
Аты жүйрік болса, қуып жетеді, озып, алдыға шығады. Ал тілі жүйрік, шешен болса, жақсы мен жаманды, адал мен арамды жіліктегендей ажыратып береді, сөзбен түйреп есе бермейді деген мәні бар.
Әрі ақын, әрі балуан Ахмади деген жігіт жалғыз атын жоғалтып, Бақбақтыда жиын өткізіп жатқан Қожахан деген болыстың ауылына келеді. Болыс баса-көктеп кірген кедей ақынды жақтырмай, шаруасын сұрап білген соң: «Атыңның белгісін өлеңмен айт, әйтпесе үйіңе қайт!» – дейді.
Сонда Ахмади:
Ақ тоқым, қос таңбалы, өзі жирен,
Қиянкес, ұры алмаса, шықпайды үйден.
Жануар жылқы болмай, адам болса,
Нәсілі бір кем емес, болыс, биден.
Ақ тоқым, қос таңбалы жирен еді,
Шананы қар жауғанда сүйрер еді.
Болдырып көп жұмыстан еті арыса,
Дорбаға қи сап берсем, күйленеді.
Жануар жылқы болмай, адам болса,
Болыс боп бір тайпаны билер еді, – дегенде, Қожахан болыс одан арғысын айтқызбай: «Аты жүйрік қайырады, тілі жүйрік айырады», – деген, мынаның тілі улы екен, жоғын тауып беріп, қайтарыңдар, – депті.
АУЗЫ ҚИСЫҚ БОЛСА ДА,
БАЙДЫҢ ҰЛЫ СӨЙЛЕСІН
Бөлтіріктің баласы ел ішінің ісіне жаңадан араласа бастаған шағы екен. Бір жиын үстінде қызу әңгіме-дүкен болады. Кісілер сұлу сөйлеп, тапқыр сөйлеп, алға озғысы келіп сөз жарыстырып отырады. Жиналғандардың ішінде бір байдың мырзасы да бар екен. Өзі малға бай болғанымен, сөзге кедей екен, мінезі де жайсыз болса керек. Сол реті келген жерде де, реті келмеген жерде де сөзге жармасып, елдің алдын орай береді. Сөздің мәні кеткен соң, Бөлтіріктің баласы, өз сөзі кезегінде:
– Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін, – деп өзінің сөзге қатысқысы жоқ екенін самарқау білдіреді. Содан ары жұрттың әңгімесі жараспайды. Бай баласының аузы шынында да аздап қисық екен. Әлгі сөзге намыстанып, ашу шақырады. Жиынның шырқы бұзылады.
Болған жай Бөлтірікке жетеді. Баласының бір ауыз сөзі біреудің жиынының шырқын бұзуға себепші болғанына қатты қапа болады. Бөлтірік баласын оңаша шақырып алып:
– Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ.