Төңкеріс. Пиесалар. Қайыркелдi Руспаев
ұстап зерттей қарайды) Сен не? Қатты жарақаттандың ба?
Берік. (шешесінің қолдарын басынан алып тастайды) Ә! Ештеңе емес! Танк гүрілдеп біздің мектептің жанына келгенде біз терезеден қарап тұрғанбыз, содан ол зеңбірегінен гүрс еткізіп атқанда әйнектер күл болып ұшты да кетті. Сонда бір шынының сынығы маңдайыма тиіп кетті.
Мария. (Жамалға жақындап келіп Беріктің иығына қолын қояды) Жарасы терең емес, сәл ғана сызып өтті. Құдай сақтады.
Берік. Иә, жәй тек сызып өтті. Ештеңе емес. Мен басымды таңбайын деп едім, Мария Петровна болмады. (Марияға қарайды)
Жамал. Жарайды, ештеңе етпес. Әйтеуір аман-есен үйге жеткеніңе тәубе. Ал ана қыз қашан келеді екен? Берік, сен бар, жинал. Біз жол жүреміз… Джинсың мен бір-екі көйлек ал, тіс щеткаң мен пастаңды рюкзағыңа сал. (баласын бөлмесіне қарай итермелеп жібереді де Марияға бұрылады) Маша, кел, отыр, шай ішіп алайық. Мына оқиғалар ауыз кептірді (екеуі шайға отырысымен қонағына шай құйып берісімен) Мә, печеньеден ал.
Мария. (шайдан бір-екі ұрттап алып) Жоқ, тамақтан ас өтпейді. Не істерімді білмей отырмын. Ал сендер не – кететін болдыңдар ма?
Жамал. Енді не істемекпіз? Мен кеткім келеді – бірақ Асқар көнбей тұр. Ол кете алмаймын дейді, жамағатымды тастап қайда барамын дейді. Мүмкін оған қарамай, балаларды алып тайып отырам ба… Ал сендерге кету керек.
Мария. Иә, мен де соны ойлап отырмын. Бірақ, Ваня… ол… сен ештеңе білмейсің бе?
Жамал. Не жөнінде?
Мария. Оның ислам дінін қабылдағанын білесің ғой.
Жамал. Иә, білемін. Асқар айтқан.
Мария. Ал енді мен жаңа ғана біліп отырмын – ол жәй жүрмей әлгі «Әл-хизб» партиясының мүшелігіне өтіп кетіпті. Мына аласапыран басталысымен оған телефон шалып, «қаладан кетейік» деп едім, ол «мен ешқайда кетпеймін, мен партия мүшесімін, біз ислами автономия құрып шариғат заңын орнатамыз» демесін бе. Сол жерде құлай жаздадым! «Біз ешқайда кетпейміз, бізге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ» дейді. Енді міне – не істерімді білмей отырмын.
Жамал. Әй қайдам, дәл осындай сөзді жаңа Асқар да айтып еді. Ал мен бір сұмдық боларын сезіп тұрмын. Менің саған беретін кеңесім – мүмкіндік барында бұл қаладан шығып кет. Ертең әлгі шейх ислам дінін қабылда деп бұйырса не істейсің? Ларисаны ал да кет! Ал Ваня – ол өзі білсін. Ол енді бала емес, өзінің ақылымен өзінің тағдырын өзі шешкені дұрыс шығар. Тек қана бұлардың барлығы өз ақылымен жүргенге ұқсамайды. Әлгі шейх Ғабдуррахманның ықпалына түсіп кеткенге ұқсайды. Ал ол ше – ол адамдарды алдап-арбап алған. Әне, Асқарды да алдап соқты. Асқар оның төңкеріс дайындап жүргенін біліпті. Иә, Ваня да оны білді. Ал ол бозбаладан не сұрайсың! Ол әлі тым жас. Және де ол Асқардың соңынан еріп жүр. Ол өзі ислам дінін Асқар үшін қабылдаған жоқ па.
Мария. Ал меніңше – ол ислам дінін Гүлнәр үшін қабылдаған сияқты. Және де Асқар сол партияға мүше болмаған көрінеді…
Жамал. Иә, әрине, ол «Әл-хизб» қатарына кірген жоқ. Бірақ та ол