Төңкеріс. Пиесалар. Қайыркелдi Руспаев
Ваня, сен осы… ислам дінін қабылдасаң қайтер еді, ә?
Иван. (таңырқаған кейіпте Гүлнәрға бүкіл денесімен бұрылады) Ислам дінін?! Мен?! Қабылдасам?!
Гүлнәр. Иә. Неге сен соншама таңырқайсың? Мешіт жамағатының арасында бір орыс мұсылман бар екен, онда тұрған не бар?
Иван. Жо-жоқ, мен ислам дініне еш қарсылығым жоқ. Алайда… біз христиан емеспіз бе… (қарындасына қарап қойып) біз православие дінінің өкіліміз ғой.
Гүлнәр. Сонда сен не – сондай діндар адаммын дейсің бе? Сен не – шіркеуге барып жүрмісің?
Иван. Жоқ… бірақ…
Гүлнәр. Ваня, сен ештеңені ойлама. Мен саған «ислам дінін қабылда» деген шарт қойып тұрған жоқпын. Өзің біл. Алайда, егер сен мұсылман дінін қабылдасаң бізде еш проблема болмас еді. Папама да ешқандай сөз келмеуші еді. Ал маған келсек… маған бәрібір, менің күйеуім мұсылман болсын мейлі, христиан болсын мейлі, православиені ұстанатын адам болсын мейлі. Тіпті атеист болса да! Мүмкін сен ислам дінін қабылдағасын ата-бабаңды сатып кетемін деп ойларсың. Ал меніңше оның бәрі түкке тұрмайтын нәрсе. Қарашы өзің – қазіргі жастар түрлі секталарға өтіп жатыр. Қайдағы жоқ куәгерлер мен кришнаиттер де болып жатыр. Ал бірақ, тату-тәтті өмір сүруде. Меніңше, ең бастысы – біз бір-бірімізді шын сүйсек, бір-бірімізді сыйлап өтсек болғаны. Солай емес пе?
Иван. Иә-ә… (сәл ойланып үндемей отырып қалады)
Гүлнәр. (оның басын сипап отырып) Жә, қайтесің, ойланбай-ақ қой. Мен өзі сенің басыңды тым қатырып жіберген сияқтымын.
Иван. Жоқ, Гүлнәр. Қатырған жоқсың. Өйткені бұл өте маңызды мәселе. Бізге қазір бүкіл мәселелердің басын ашып алған дұрыс болады. Ал маған келсек, мен, Гүлнәр… өзің білесің ғой – мен сен үшін бәріне дайынмын. Сен үшін, сенің махаббатың үшін, біздің болашағымыз үшін. Керек болса, ислам дінін де қабылдауға дайынбын. Ол үшін не істеу керек?
Лариса. (атып түрегеліп қол шапалақтап жібіреді) Алақай! Менің ағам мұсылман болады! Оны енді сүндетке отырғызады! (Гүлнәр шек-сілесі қата күледі) Сүндетке отырғызады!
Иван. Қап бәлем, мына қыздың ызасы ма! (орнынан атып түрегеліп қарындасына ұмтылады, бірақ қыз орындықты айнала қашып ұстатпайды)
Лариса. Иә, иә! Сені сүндетке отырғызады. Сосын сенде мы-ына-андай сақал болады! Мы-ына-андай сапсиған сақал!
Гүлнәр. (күлкісін зорға тыйып, қарындасын орындықты айнала қуып жүрген Иванды тоқтатады) Ваня! Лариса! Қойыңдар енді. Мәселе сүндетке отырғызуда емес. Мен папамнан сұрап білейін, ислам дінін қабылдау үшін не істеу керек екенін. Мүмкін сен өзің онымен сөйлесерсің?
Иван. (ентігін зорға басады) Иә! Иә! Дұрыс! Дұрыс, мен Асқан ағамен өзім сөйлесемін. (кетуге ыңғайланады) Ол қазір қайда? Мешітте ме?
Гүлнәр. Тоқта, отыр. Ол қазір қалада жоқ, жол жүріп кеткен. Ертең келеді. Сонда сөйлесесің. Тек оған: «Ислам дінін сіздің қызыңызға үйлену үшін қабылдаймын» деп жүрме. Онда бар шаруаны бүлдіресің.
Иван. Әрине, олай демеймін. Мені мүлдем ақымақ деймісің? Мен