Төңкеріс. Пиесалар. Қайыркелдi Руспаев
Мұсылмандар! Ұлы Халифат орнату үшін басталатын жиһадқа дайын болыңдар. Рухтарыңды да, денелеріңді де шынықтырып, пайғамбарымыздың зульфикар семсеріндей өткір болып шыңдалыңдар. Өйткені біз жақын арада исламның жасыл туын көтереміз. Иә, біздің қатарымыз әлі сирек, сарбаздар әлі аз, бірақ біз күннен күнге көбейіп келе жатырмыз. Біздің туымыздың астына жақын уақытта жүздеген, мыңдаған мұсылман қосылады. Ол күн алыс емес. Ол күн келеді, сонда біз бүкіл жамандық атаулыны, бүкіл күнәһарлар мен қылмыскерлерді, бүкіл кәпірлерді жер бетінен жойып жібереміз. Аллаһтың сарбаздары! Сол күнге дайын болыңдар! Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммад расулуллаһ!
Жігіттер. Лә иләһә иллалаһ, Мұхаммад расулуллаһ!
Ғабдуррахман. (оң қолының жұдырығын жоғары көтеріп отырып көтерінкі дауыспен) Аллаһү Акбар!
Жігіттер. Аллаһү Акбар!
Ғабдуррахман. Аллаһү Акбар!
Жігіттер. Аллаһү Акбар!
Ғабдуррахман. Аллаһү Акбар!
Жігіттер. Аллаһү Акбар!
Басқа бір есік ашылып бір жігіт Асқарды ертіп кіреді. Имамның үстінде тон, басында бөрік – осының бәрі күннің қыс екенін айқындап тұр.
Асқар. Ассаламү ғалайкүм, мұхтарам жамағат!
Жамағат. (бірауыздан) Уа ғалайкүм ассалам!
Ғабдуррахман. (имамды қарсы алып, сәлемдесіп екі қолын береді) Ассаламү ғалайкүм.
Асқар. (шейхтың қолын алып) Уа ғалайкүм ассалам. Менің есімім Асқар. Мен осы қаланың мешітінің имамымын. Мені осында шақырған сіз бе?
Ғабдуррахман. (Асқардың сыртқы киімін шешісіп есіктің жанындағы ілгішке іліп жатып) Иә, мен. Асеке, сізбен танысқаныма өте ризамын. Менің есімім Ғабдуррахман. Мен біздің ұйымымыздың шейхімін.
Асқар. Ұйымымыздың? Қандай ұйымды айтасыз? Мына жігіттердің киімі біртүрлі ғой. Сіздер өзі қай жақтан келіп едіңіздер?
Ғабдуррахман. Асеке, жоғарлатыңыз. Отырыңыз. Сосын саспай әңгімелесейік. (екеуі залдың бір жағындағы кілем төсеп тасталған жеріне жайғасады, жігіттер де жаттырықтырушының белгісімен қатар-қатар, мешітте отырғандай имам мен шейхтің қарсы алдына отырады) Бұл жігіттер жәй жігіттер емес. Бұл жігіттер – біздің партиямыздың негізі, орталығы, жұдырығы.
Асқар. Ол қай партия айтып тұрғаныңыз?
Ғабдуррахман. «Әл-хизб» партиясы.
Асқар. Әл-хизб? Ондай партия бар ма еді?
Ғабдуррахман. Бар. Енді бар деп есептеуге болады. Бірақ бұны бізден басқа ешкім білмейді. Міне, көрдіңіз бе, біз сізге ең маңызды құпиямызды ашып отырмыз.
Асқар. Сонда не? Партияңыз құпия партия ма? Тіркеуден өтпеп пе еді?
Ғабдуррахман. (мырс етіп) Қандай тіркеуді айтып отырсыз?
Асқар. Қандай тіркеу болушы еді? Заң бойынша кез-келген ұйым әділет министрлігінде тіркеуден өтуге тиісті. Тіркелмеген партия заңсыз саналады.
Ғабдуррахман. Бізге ондай тіркеу қажет емес. Ал заңды-заңсыздығына келсек…