Шежірем сыр шертсе. Тажис Мынжасар

Шежірем сыр шертсе - Тажис Мынжасар


Скачать книгу
етіп, ұлыс хандығын құрған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ұрпақтары халық арасында әлі күнге дейін өздерін төрелерміз деп атайтындықтары белгілі. Қазақтар қарадан ешқасан хан сайламаған. Тарихымыздағы қазақ хандығының шаңырағын көтерген Керей мен кемеңгер әз-Жәнібек, елдің іргесін созып, кеңейткен қасқа жолды Қасым мен данышпан Тәуке, олардан кейінгі, аттары алты алашқа аян қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жоң-ғарлармен жан аямай соғысқан сайыпқыран Әбілқайыр мен ұлы Абылай, ақ патшаның бодандық саясатына қарсы он жыл бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей жанкешті күрес жүргізген оның жүрек жұтқан немерелері Кенесары хан мен Наурызбай сұлтандар, кіші жүздің соңғы Жәңгір ханы, қазақтың тұңғыш ағартушы-ғалымы Шоқан Уәлиханов, Алаш-Орданың үкілі жетекшілерінің бірі Әлихан Бөкейханов, оның жанқияр, тынбас күрескерлері Сыздық, Әзімхан Кенесариндер, халық арасына аты кең тараған, әйгілі күйші, сазгер, домбырашы Дәулеткерей, ұлттық медицина университетіне есімі берілген атақты ғалым Санжар Асфендияров, қазақтың үлкен гидролог ғалымы, Мәскеу митрополитенін салуға атсалысып, сіңірген еңбегі үшін оның тас қабырғасына аты өшпестей болып қашап жазылып қалған Натай Әзімханұлы Кенесарин, Республикамыздың мемлекеттік елтаңбасын жасап берген, сырт жұртшылыққа да есімі кең танымал сәулетші Шота-Аман-Ыдырысұлы Уәлиханов, бәрі, бәрі Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары екендігі баршамызға мәлім.

      Төрелерміз деп өздерін тек бұлар ғана емес, Шыңғысханның өзге ұлттар құрамындағы ұрпақтары да «бабамыз нұрдан жаралған» деп өздерін дала ақсүйектері санатына жатқызады (Д-р. Эренжен Хара-Даван–Чингис-хан как полководец и его наследие. Алматы. Из-во "КРАМДС–Ахмед Яссауи. 1992 г.) Ал төлеңгіттер жайлы айтар болсақ, Зайыр Сәдібеков өзінің «Қазақ шежіресінде» бұл туралы:«Қазақ сұлтандары мен хандарының көрші-қолаңы, малайлары мен шабармандарынан тараған ру. Бұлардың көпшілігі ертедегі жаугершілікте қолға түскен әр түрлі ұлттардың адамдары. Солар өз ара бір-біріне қыз беріп, қыз алысып Төлеңгіт руымыз деп өздерінше аталып кеткен. Төлеңгіт руы қазаққа не үш жүзге жатпайды. Төлеңгіттер Орал облысының Орда ауданын мекендейді»,-деп жазған (Төлеңгіт руы. 8 б.).

      Ал Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресінде» бұл жөнінде былай делінген: «…Төлеңгіттер Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз ру-тайпалары орналасқан жерлердің бәрінде де кездеседі. Сан жағынан аса көп болмағанымен, қауымдасып өмір сүріп, қай жерде кездессе де бір-бірін қандас, қарындас санап, қыз алыспай жүретін Төлеңгіттердің шығуы жайлы керағар пікірлер көп. Біреулер «Төлеңгіт» деген ханның төңірегіне жиналған қызметкері, ру емес деп бұра тартса, енді біреулері ол ертеде қалыптасқан, «Мерген» деген атадан руға айналған дейді». Ал шымкенттік зерттеуші Даниярбек Дүйсенбайұлы төлеңгіттердің тегін Үйсін бабамен байланыстырады. Оларды Үйсіннің қытайлық келіншегі Ля Руннан туған Төлеңгіт атты баланың ұрпақтары дегісі келеді. Сөйтіп оларды: төре-төлеңгіт, қалмақ-төлеңгіт, моңғол-төлеңгіт, сосын тағы біреуін келтіріп,


Скачать книгу