Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір. Коллектив авторов
өңіріне созыла жатқан кең аймақ көне түркі этногенезінің аялы алтын бесігі екендігіне ешбір күмән жоқ, оны дәлелдерлік бұлтартпас деректер де жеткілікті-ақ, тек көрер көз, ізгі жүрек болса игі.
Бұл салада табысты еңбек етіп көзге түскен қазақстандық тарихшы ғалым Ю.А. Зуевтің көне түркі аңыз шежірелерін тілге тиек еткен диссертациясын («Древнетюркские генеалогические предания как источник по ранней истории тюрков», 1967) айрықша атау орынды. Ол бұрын қалам тартылмаған соны сүрлеуге із салып, көне қытай жылнамалары деректері мен түркітану еңбектеріне сүйене отырып зерттеген тарих саласындағы өз жұмысына синолог түркітанушыға тән егіз қасиеттерді қос өрім етіп пайдаланды. Мысалы, қытай иероглифтерімен берілген көне түркі атауларының (этноним, топоним, антропонимдердің) нақты дыбысталуы туралы біршама тың пікір айтты. Құрылымы әр басқа тілдердегі айтылуы мен жазылуы сәйкеспейтіндіктен кездесетін жаңсақтар және оның жорамалды баламалары жөніндегі ойлары тереңірек пайымдауды қажет етуде. Осыған дейінгі кейбір тоқтамдар мен тұжырымдар да қайтадан ой елегінен өткізіп, басқа қырынан қарауды керек етуде. Айталық, кейбір тайпалардың мирасқорлығы айтылып, алдымен үйсін еліндегі хан әулетінің ашина түркілерімен сабақтастығы көрсетілген.
Бір ескеретін жай: ертедегі Оңтүстік Сібір мен Қазақстан далаларын мекендеген тұрғындардың тілі мен антропологиялық типі арасында ешбір тікелей тәуелділік жоқ екендігіне қарамастан, кейбір зерттеушілер қисынсыз пікір айтуға және оған әлдекімдер әуестенуге бейім тұратыны қынжылтады.
Археологиялық деректерге сүйенсек, Оңтүстік Сібір мен Қазақстан далаларын мекендеген, мал бағып, егін еккен қола дәуірінің тайпалары мен алғашқы азиялық көшпелілер (азиялық «скиф» немесе сақтар) еуропеоидтік нәсілдің Оңтүстік Сібір типіне жататындығы белгілі. Сақ тайпаларының біздің заманымызға дейінгі VII-ІV ғасырларда атаулары, тұрғын мекені, өмір салты, этникалық сипаты мен тілі жағынан бір-бірінен дараланғандығын мойындағанымыз жөн. Атақты тарихшы-түркітанушы А.Н. Бернштамның «скиф» – сақ тайпаларының тілдері жөнінде айтқан мына бір әділетті пікірін келтірейік: «Этническая проблема скифов не вышла за пределы гипотез. Спор о тюркизме или иранизме скифов столь же древен, как и сама ориенталистика. Решение этих проблем содержится в археологических материалах» (Бернштам А.Н. Древнейшие тюркские элементы в этногенезе Средней Азии. – «Советская этнография», VІ-VII, М. – Л., 1947. – С. 148).
Алғашқы көшпелілердің (сақтардың) тілдеріне байланысты ағат пікірлерге қоса, қола заманындағы Оңтүстік Сібір мен Қазақстан тұрғындарын үнді-иран немесе иран тілдерінде сөйлеткісі келетіндер бар. Ақиқатын айтсақ, Алтай мен Жетісудың ежелгі тұрғывдарыньщ тек қана үнді-иран («арийлік») тілдес халықтарға тарихи жақындығы (ортақтығы) туралы пікірге сын көзбен қарауымыз жөн.
Неге десеңіз, бұл аймақта ірге тепкен ежелгі тұрғындар (автохтондар) үнді-иран тілінде сөйлепті-міс деген тұжырымды айқындарлық көңіл тұшытарлық тілдік айғақ, дәлелге медеу боларлық