Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35. Коллектив авторов
Бізге бес балаға жатақхананың үлкен бөлмелерінде орын болмады. Сол кезде оқу залына деп бөліп қойған бір бөлме бар болатын. Соны уақытша жата тұруға берген еді. Қабырғасында Лениннің суреті ілулі, ортасында сабаққа дайындалатын үстел мен орындықтар бар. Сол заманның тұрғысынан алғанда ұялмай көрсетуге болады. Оның үстіне жатақханаға кіргенде ең бірінші бөлме. Демалыс күні еді, екі бала үйіне кетіп үш бала қалғанбыз. Шамада сағат күндізгі он мен он бірлердің арасы болатұғын. Үстелдің үстінде сабағымызға дайындалып отырғанбыз. Бір кезде есікті тоқылдатты да, бір топ адам кіріп келді. Біздің директорымыз, интернаттың меңгерушісі, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Пазиков бар. Орталарында ақсарылау келген, басында шашы жоқ бөтен кісі бар. Олар отырды, сосын сұрақтар бере бастады. Сол кезде: «Пазиков ағаларыңды таныдыңдар ма?» деп сұрады. Біз үндемей қалдық. «Мына кісі Жұмабай Шаяхметов деген ағаларың болады, – деді бөтен кісі туралы. – Осы ағаларыңның бастауымен Қазақстанда бірнеше жерде интернат-пансион ашылды. Бұл кісі пойыздан жаңа түсті. Бірден «пансиондағы балалардың жағдайын көремін» деп сендерге келді. Жұмабай ағамыздың ең бірінші сұрағы: «Интернаттың берген тамағына тоясыңдар ма? Таңертең, түсте, кешке не беріледі? Еті бар ма? Нан жеткілікті ме?» болды. Біз күмілжіп қалдық. «Тоямыз» деп айтуға ауыз бармайды. «Тоймаймыз» десек, ағайларымызды ұятқа қалдырамыз. Соны байқаған Жұмекең: «Мына балалар тамаққа тоймайды екен. Ертеңнен бастап нанды көбейтіңдер, түскі, кешкі тамаққа ет қосылсын. Тиісті қаржыны бөлдіреміз, интернат директоры кім? Осында бар ма?» деп сұрады. Ол өте денелі Смалков деген орыс еді, соны көрсетті. Жұмекең оған қарап тұрып, «Балаларға бөлген етті мынауыңның өзі-ақ жеп қояды ғой» деп жұртты ду күлдірді. «Қазақстанда көмір қай жерлерден шығады?» деген сұрауына мен: «Қарағандыдан, Келтемашаттан деп» жауап бердім. «Тағы қай жерден?» – дегенде үндемей қалдым. Сонда Пазиков: «Өзіміздің Леңгірде көмір шығатынын білмейсің бе?» – деп, ренжігендей пейіл көрсетті. Мен іле-шала: «Ағай, мен өзім сол Леңгір ауданынанмын (қазіргі Төле би ауданы солай аталатын), ол жерде көмір өте аз өндіріледі ғой. Сіздер білмейтін шығар деп ойладым, – дегеніме Жұмабек ағамыз: «Ай, мына қу бала тауып кетті!» – деп мәз болып күліп алды. Географияға байланысты тағы сұраулар берді. «Теміртау қаласын білесің бе?» – деді. Мен ойланып тұрып, орысшаға аударып, «Магнитогорск па?» – деп сұраппын. Жұмекең Пазиковке қарап тұрып: «Мен оны орысшаға аударған жоқ едім, егер де орысшаласақ солай бола ма?» – деді де, бірден: «Теміртау – жас, қазақтың металлургтер қаласы, жақында барып қайттым. Онда өздеріңдей қазақтың қарадомалақ, томпақ балалары жұмыс істеп жүр. Сонан соң сонда тұрған мектептің директорына қарап: «Мына бала оқулықтағы материалдың бәрін біліп тұр. Сіздер саяси жұмысты ойдағыдай жолға қоймағандықтан, Республикада болып жатқан өзгерістерден хабарлары жоқ. Бұдан қорытынды шығару керек», – деп Пазиковқа қарады. Барлығында үн жоқ. Паузадан кейін