Темірбеков Садуахас. Өнегелі өмір. Ш. 35. Коллектив авторов
қажет. Ол қорытынды қазақ қоғамының бойына сіңген, оған Ресейдің бодандау дәуірі әкелген өз ұлыларын қудалау, оларды қорлау ауруынан жазылу қажет. Біз білеміз, еліміздің данышпан перзенттері М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Д. Қонаевтардың көзі тірі кезінде қандай қорлықтар көрді. Биліктен көрген азаптары бір төбе болса, өздерінің жағымпаз, жандайшап отандастарының жаласын, былғаныш сөздерінен кешкен азаптары одан да ауыр болды. Сол қорлықты Өмірбек те басынан өткізді.
Мұны айтып отырғаным, кешегі Өмірбектің басына іс түскенде «Өмірбек – біздің досымыз» деп үйінен шықпайтындар жоқ болып кетті, «біз – Өмекеңнің шәкірттеріміз» деп жүргендерді іздеп таппай қалдық. Сондай қиын кезеңде ешнәрседен сескенбей, ұстазының қасында болып, қолтығынан сүйеген шәкірті мынау ортамызда отырған бүгінгі министріміз Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов болды. Сол үшін сізге рақметімді айтамын.
Өзінің дарынымен, тынымсыз адал еңбегімен, өмір бойы ізденумен алға шыққан азаматтарымызды қоғам қолдап отыратын болса, ондайларды авантюристерге, жағымпаздарға, бәлеқорларға қорлатпай жолдарын ашық ұстаса екен деймін.
Құрметті қауым! Осында еліміздің ең мықты жоғары оқу орнының профессорлары мен оқытушыларының, білім министрінің отырғанын пайдаланып, бір мәселеге баса көңіл аударғым келеді және бұл мәселе Өмірбек Жолдасбековтің артында қалдырған мұрасымен байланысты.
Құрметті министр!
Сізге дейін бірқатар министрлер болды. Оларды сынағым келмейді. Бірақ та ренжімесін. Барлығы да реформалар жүргізді. Бірақ сол реформалар проблеманың сыртқы жағын әшекейлеп, қағаздармен толтырып жіберді. Ол оқу орнының күретамыры – оқу процесінің сапасына кері әсерін тигізді. Көңілдеріңізге келмесін, шындықты айтатын болсам, оқу процесінің сапасы кеңес дәуіріндегі дәрежеден көп төмендеп кетті.
Біз бір нәрсені нақты түсінуіміз қажет: ол оқу орнының негізінде оқу процесінің, сабақ оқытудың сапасы жатыр. Шын мәнінде сол сапа көтерілсе, істің барлық жағы дами түседі. Кредиттік технологияны іске асырмаса, ол кімге керек.
Шетелден озық үлгілерді алу керек. Бірақ оқу процесінде тәрбие жұмысының ескірмейтін, атамзаманнан келе жатқан, маңдайтермен жасалған рухани құндылықтарын аяқасты етпейік.
Құрметті министр!
Сіз еліміздің көреген басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың командасындасыз. Өмірбек Жолдасбеков сияқты жоғары мектептің теңдесі жоқ қайраткерінің мектебінен өттіңіз. Өмірден көргеніңіз, біліп-түйгеніңіз мол басшысыз. Сізге ғылым мен білім саласының азаматтары үлкен үміт артып отыр. Сол үмітті ақтайды деп сенеміз.
Құрметті қауым!
Өмірбек Арысланұлының жасампаздығын бүгін жұртқа жарқырап көрсетіп тұрған – мынау ҚазМУ қалашығы. Оны жұрттың барлығы ҚазГУград дейді. Бұл – Өмекеңнің халқына қалдырған сыйы. Бүгінде бұл қалашық Өмекеңнің өзіне салдырған ескерткішіндей болып тұр. Сондықтан да бүгінгі Өмекеңе арнап ашылған кешен сондай әдемі жарасып, өзінің