Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың шым-шытырық хикаялары. Кеңес Оразбекұлы
керемет көрініске есі ауа қарап тұрғаны сол еді, қалтарыстан «А-а-а!» деп ақыра қашқан Жарғақбас пен Шибұтты көреді. Қылкеңірдек: «О, жаратқан ием, бұлар неден қашып барады?!» деп, түкпірге көз салған. Аузын арандай ашқан, от-жалын атқан бір құбыжық «ал, жұтам!» дегендей төніп келеді екен. Қылкеңірдектің де құты қашып, «Сақта, құдай, а-а-а!» деп ақырып, серіктерінің артынан қояндай безе жөнелді.
Жер-дүние төңкерілгендей қатты дүрсіл мен айқай-шудан аттракцион иелері де шошып оянған. Олар вагон-арбаларынан дүрліге атып шығып, айқай-шу естілген ортадағы биік күмбез-шатырлы үйге қарай жүгірді. Күмбезді үйге кірген бойда қосқышты өшіріп, келесісін жағып қарап еді, үсті-бастары ұсқынсыз үш мишағар алды-артына қарамай: «А-а-а!» деп безілдеп шапқылап жүр екен. Олар үшеуін бас салып ұстап алды да, бақырған-шақырған күйінде жамбасқа алып, сыртқы есіктен далаға қаңбақтай лақтырып-лақтырып тастады да, есіктерін тарс жапты.
Үшеуі жатқан-жатқан жерлерінде естерін әрең жиып, «Жар бол, жасаған ием!» деп орындарынан тұрып, бір-бірін сүйемелдеп, келген жақтарына сүйретіліп кете барды.
Ай жарығындағы оқиға
Бір күні Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт үшеуі түн жамылып тағы да жорыққа шықты. Ай жарығында жықпыл-жықпылдың арасымен келе жатты.
– Ай жарығындағы ұрлығымыз сәтті болсын деп тілейік, – деді Шибұт жол бастап келе жатып.
– «Мен ұрлыққа шыққанда ай жарық болды» депті ғой біреу, – деді Қылкеңірдек ренжіп. – Ал біз ұрлыққа жиналғанда, ай жарығы еш нәрсе емес, мына Жарекеңнің жарғақ басы айға шағылысып келе жатқанын қарашы!
– Басы жылтырағанын қайтейін, – деді Шибұт. – Аяқ астымыз түк көрінбейді. Мына алдымызда терең өзекше бар сияқты еді. Абайлаңдар, түсіп кетпейік. Әй, Жареке, басыңды еңкейтші!
– Неге еңкейтеді екем?
– Басыңның жарығымен жер бедерін қарап алайық. Шұңқырға құлап кетпейік деген сақтығымыз ғой.
– Әп, бәрекелді, осылай пайдаңды тигізсейші!
– Әне, айттым ғой өзекше бар деп. Жареке, сен осылай жарығыңды түсіріп тұр. Біз Қылекең екеуіміз арғы бетіне өтіп алайық. Ал, Қылеке, секір!
Қылкеңірдек өзекшеден қарғып өтеді.
– Әуп! Секірдім, ал өзің.
– Әуп!
– Ал, Жареке, енді сенің кезегің. Кәне, бері жүре түс. Кәне, тағы, тағы…
Кенет «гүрс» етіп құлаған дыбыс естіледі. Артынша:
– Уа-а-ай! – деп ауырсынған даусы шықты Жарғақбастың.
Қылкеңірдек пен Шибұт үрейленіп, бастарын еңкейтіп, өзекше түбіне қарайды.
– Әйтеуір тірісің бе? – деді Қылкеңірдек. – Қалайша түсіп кеттің?
– Өздерің ғой, «тағы, тағы жүре түс» деп қоймаған!
– Басыңның жарық-сәулесі аяқ астыңа түспесе, біз кінәліміз бе?
– «Шамның жарығы түбіне түспейді» деген рас екен-ау! Кәне, қолыңды әкел.
Екеуі Жарғақбасты шұңқырдан тартып шығарады. Жарғақбас үсті-басын қағады да, үшеуі сапарларын