Қанатты сөз – қазына. 1-кітап. Кеңес Оразбекұлы
тұр ғой өзі! – депті. Сонда шебер сырбаздықпен:
– Әлі несін көріпсің, қыл таққан соң қаңқылдар, – деп, жымыңдапты. Сөйтсе ол дүниесі жартылай жонылған қобыз екен.
ӘЛІМНІҢ ҮЛКЕНІ ДЕ – ҚАРАКЕСЕК, КІШІСІ ДЕ – ҚАРАКЕСЕК
Қыдырқожаның (Байұлы) лақап аты «Қаракесек» екен. Сол Қыдырқожаның Бәйбішесі Тоқсұлудан – Байсары туған. Тоқсұлу дүние салған соң, балдызы Қағазға үйленіп, одан – Әлім, Шөмен туған. Осылардың Әлімінен – Жаманақ (Шекті), Қарамашақ (Төртқара), Қарасақал (Айнық, Тегінболат), Ұланақ (Қаракесек), Кете (Бозаншар, Тайқожа, Түменқожа), Шөмекей туған. «Алты ата – әлім» деп көбінесе осылай таратады.
Енді осылардың Ұланағы неге атасының есімімен «Қаракесек» аталуына
келейік. Қария сөздің айтуында Қаракесек өзінің немересі Ұланақты бауырына салып, оны «Сасықбайым», «Күлтелі сасығым» деп еркелетеді екен. Ұланақ та өз әкесі Әлімді мойындамай, атасы Қаракесектің баласымын деп өссе керек. Күндердің күнінде Қаракесек қайтыс болып, Ұланақ шаңырақ иесі болып қалады. Былайғы жұрт бұл шаңырақты бұрынға әдетімен «Қаракесектің үйі» деп атай береді. Бара-бара Ұланақты да «Қаракесек» деп атайтын әдет қалыптасады. Ұланақтың «Қаракесек»
аталуының себебі осыдан еді дейді. Күні бүгінге дейін әлім ішінде «Әлімнің үлкені де – Қаракесек, кішісі де – Қаракесек» деп айтылатын
мәтел сөздің мәнісі осында болса керек.
ӘҢГІМЕ – БҰЗАУ ЕМІЗЕР,
БҰЗАУ – ТАЯҚ ЖЕГІЗЕР
Бұл сөз тіркесі: «Құр әңгіме, сөзге алданып көп бөгелмейін, уақытты зая кетіріп, өкініште қалмайын» деген мағынаны білдіреді.
Өткен заманда бір жалшы әйел көршілерінің үйінде ұзын-сонар әңгіменің соңына түсіп, малдың өрістен қайтатын уақытын ұмытып кетіпті. Сол кезде сиыры өрістен келіп, бұзауын емізіп қояды. Сүттен қағылып, қарындары ашқан шиеттей балалары «шыр-шыр» етіп қоймаған соң, ашынған күйеуі әйелін ұрып-соғады. Содан ел ішінде «Әңгіме – бұзау, емізер, бұзау – таяқ жегізер» – деген сөз қалған екен.
ӘР ЕЛДІҢ САЛТЫ БАСҚА, ИТТЕРІ ҚАРА ҚАСҚА
Таңдайбай деген қу серіктерімен келе жатып, бір үйге түседі. Үйде бәйбіше мен келіні ғана бар екен. Қария қонақтарға сырмақ сал дейді. Таңдайбайды таныған кесір келін сырмақты қабаттап, тұйық жағын* отқа қаратып сала қояды. Таңдайбай малдасын құра төрге қарап отыра кетеді. Көптің ішінде теріс қарап отырған адамға таңданған кемпір:
– Мұның не? —десе:
Тұйық жағын* – қазақ халқының салты бойынша, астыға төсейтін сырмақ, көрпешелердің тұйық, бүктелген жағын іргеге яғни, қонақтың артына қаратып төсеген. Ашық жағы қонақтың жолы ашық болсын деп, алдына қаратылған.
Дастарқанды да үлкен болып, екі бүктеп жайған жағдайда, тұйық жағын сыйлы қонаққа қаратып қояды.
– Шеше, әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа деген ғой. Сіздің елдің салтын сыйлап отырмын, – депті.
Әр елдің салт-дәстүрі, әдет-жоралғысы басқа, өз еліңнен өзгеше болатыны белгілі. Тіпті бір елдің құрамындағы әр өлкенің де салт-жоралары өзгешелеу, өз еліңмен салыстырғанда, ерсілеу болатыны