Шежірем сыр шертсе. Тажис Мынжасар

Шежірем сыр шертсе - Тажис Мынжасар


Скачать книгу
Бұл туралы шежіремізде мағлұматтар келтірдік.

      Дастан жазулары кей жері ескіріп, өше бастаған екен. Қайта теріп, өздеріңізге ұсынып отырмыз. Осы жырда және бірқатар шежірешілердің жазба, мәтіндерінде Сарықасқа сөзі «ы» әрпі түсіріліп Сарқасқа деп жазылған. Одан бұл атаудың мән-мазмұны пәлендей өзгеріп кетіп жатқан жоқ. Сондықтан біз жазушылардың авторлық құқын сақтау мақсатында оны шежіремізге сол күйінде өзгертпей енгіздік.

      Ендігі бір айтпақ әңгімеміз–ол біреулерімізге алтыншы, екіншілерімізге жетінші, ал үшіншілерімізге сегізінші ата болып келетін Жаңай батыр мен әулие Ораз ахун жөніндегі аңыздар, Жаңай батырдың қолынан қаза тапқан көшбасшы жігіт жөнінде түйген ой, түсініктеріміз. Бұларды шежіреміздің 14,15,16 бөлімдерінде бердік. Осы Жаңай атамыз бен Ораз ахунға дейінгі буындар Деменұлы сияқты өзге шежірешілер қалдырған жазу-сызуларда ұшырасқанымен, бірақ олардан тарқайтын бергі ұрпақтар жайлы еш жерде мардымды ештеңе айтылмайды. Сондықтан осы Жаңай атамыздың Зәуір, Әділ, Сабыры мен солардан өрбитін толып жатқан буындар турасындағы деректерді шежіре білетін кісілер аузынан өзіміз теріп алып жаздық.

      Оларды әңгімеміздің 17, ал Қалабай бабамыз жайлы 18, ал әулетіміздің бергі, Әлібек атамыздан басталар көз көрген адамдары жайлы айтылар тұстарын, "сүйегі сіздікі, еті біздікі" дегендей, жады тасқа таңба басқандай әлі күнге дейін қуатты, бүгіндері тоқсанның төртеуінен асып бара жатқан Үрия әпкеміздің айтуымен, бірақ біздің сиямызбен шежіреміздің 19–37 бөлімдерінде қағазға түсірдік.

      Шежіреміз жазылып бітіп, баспағаға берілгелі жатқанда бірқатар деректер Әлмахан көкемізде де болған деген сөзді естіп, тез кенже ұлы Ермек інімізге сұрау салдырдық. Рас екен. Кештеу болса да оларды қолға түсірдік. Ашып қарағанда таңғалғанымыз–парақтары сарғайып кеткен қалыңдау дәптер бетіне шежіре мәтіні үш түрлі қолтаңбамен түсіріліпті. Бірі 30 жылдардағы қазақ тілі грамматикасына ыңғайланып, көне кириллица қаріптерімен ұсақтау, екіншісі бүгінгі қаріптермен ірі, түсінікті етіліп, ал үшіншісі сол күйінде қалдыра берсеңіз де болатындай қызыл сиямен құдды жіпке тізген моншақ-маржандай әдемі өрнектеліп жазылыпты. Ермек әкесінің қолтаңбасын таниды ғой, екіншісі сонікі, ал былайғы екеуін білмеймін деді.

      Естуімізше, Рашид ағамызда да мұндай шежіре болған. Кішкентай болсам да бірде ол кісінің дастарқан басында үлкендерге "Үркетай", "Садақбай" деп бүгінгі біздерге таныс есімдерді айтып отырғанын өз құлағыммен естігенмін. Әрине ол кезде аты аталған бұл кісілердің кім екендігін білмесем де құдайдың құдіретімен аттары жадымда жақсы сақталып қалыпты. Сондықтан Рашид ағамыздай кісіде мұндай шежіренің болмауы мүмкін емес деп санаймыз. Болған, оны дүниеден озар алдында қағазға әдемілеп түсіру үшін көкемізге табыстап кетті деп ойлаймыз. Көпшілік арасында кезінде мұндай әңгіменің болғаны рас. Әйтпесе көкеміз әрідегі аталардың атын атап, түсін түстеп тарқатып берер ондай шежірені кімнен, қайдан алмақ.


Скачать книгу