Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том. Тәттігүл Картаева
Тереңөзек болыстары – Сабалақтан оңға қарай, Сырдың оң жақ бетінде;
Жалағаш, Байзақ болыстары – уездің батыс қиырында Сырдариядан солтүстікке қарай;
Шаған, Аламесек, Қысбөгет, Қостам болыстары – Сырдың сол жағындағы Шіркейлі және Қуаңдария сағаларының бойларында;
Қаракөл-Қуаңдария болысы – Қуаңдария бойынан Қазалы шекарасына дейін;
Сорқұдық болысы – Сырдариядан солтүстікке, Шиеліден солтүстік-шығысқа қарай;
Кеңтүп, Көткеншек болыстары – Сырдариядан оңтүстікке қарайғы аймақта орналасты [241, 7].
Перовск және Қазалы уездерінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында көшпелі мал шаруашылығы басым болса [313, 351], 1910 жылы шаруашылықтың 80 %-ы егіншілік пен отырықшы мал шаруашылығы, 20 %-ы көшпелі мал шаруашылығы болды. ХІХ ғасырда көшпеліліктің басым болғандығын Орынбор Бас штабы офицерлерінің жазбалары да дәлелдейді. 1862 жылы Сыр бойындағы тайпалардан 10000 шаңырақ отырықшы, 25000 шаңырақ көшпелі болған екен [248, 95]. ХХ ғасырдың бас кезінде Перовск қазақтарының отырықшылана бастауына жұт әсерінен малдың қырылуы әсер етті [262, 18].
Қаратау бөктерінің солтүстік қыраттары аяқталатын тұстағы ауылдар (қазіргі Жаңақорған, Шиелі аудандары), яғни осы өңірден 30 % көшпелілер жазда Қаратау таулары етегіндегі жайлауларға қарай көтерілген. Басқа ауылдар жазда Атбасар, Торғай, Қостанай өңіріндегі жайлауларға барып қоныстанды. ХХ ғасырдың бас кезінде Перовск қазақтарының 60 %-ы қыстау маңында қалып, 40 %-ы жайлауға көшіп отырған. Шамамен 200-ге тарта (191) шаңырақ санақ кезінде көшіп жүрген.
Қазалы уезі Сырдария облысының солтүстік батыс қиырында Сырдарияның төменгі ағысы бойында орналасты. Қазалы уезінің батыс және солтүстік шекаралары Арал теңізінің жағалауларымен жалғасты, солтүстік-батысында Торғай облысының Ырғыз уезімен, солтүстік шығысында Торғай уезімен, оңтүстігінде Әмудария бөлімімен, оңтүстік шығысында Перовск уезімен шектесті. Қазалы уезінің аймағы, құмды-алқапты болып келеді, Сырдарияның солтүстігінен Қарақұм құмдары басталып, Орынбор өлкесі аймағына дейін жетті. Сырдың оңтүстігіндегі Қуаңдария сағасынан Қызылқұм құмдары бастау алады. Сырдың сағалары Қуаңдария, Жамандария, Жаңадария алқаптары Перовск және Қазалы уездерін қосып жатты.
Қарақұм құмдары Орал бекінісі өңірінен Түркістан облысына өтетін қақпа секілді. Қарақұмнан Жөлек бекетіне дейінгі аралық 120 шақырым жерді құрады. Қарақұм Орал өңірі мен Түркістан өңірінің жаңа шекарасының Қарақұм үстінен өту себебі біріншіден, № 1 форт қазақтары жазда Орынбор линиясына қарай көшіп, жыл мезгілінің көп уақытын сонда өткізеді, екіншіден Бұхара, Хиуа сауда керуендері Орынбор, Орск, Тройцкіге № 1 форт үстінен өтеді [302, 9].
Қазалы өңірі орыс әкімшілігінің Түркістан өңіріндегі әскери әрекетінің алғашқы базасы, алғашқы қадамы болып саналады. 1846 жылы Орынбор әскери генерал-губернаторы Обручев Сырдарияның төменгі ағысы бойы жөнінде мәлімет жинақтау үшін штаб капитан-генералы Шульцты командировкаға жібереді. Шульцтың мәлімдемесінен соң, Обручев патша үкіметінен рұқсат алып, 1847 жылы Сырдария өзенінен 60 км. жерде