Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап. Коллектив авторов
дамытуға орасан зор үлес қосқанын көрсету. Сондай-ақ, бұл маңызды үдерістердің болашаққа бағытталған күрделі де сабақтас ұзаққа созылған тарихи дамудың жемісі екендігіне бүгінде білім алып отырған болашақ тарихшылардың көздерін ғылыми негіздеу тұрғысынан жеткізу.
Авторлар ұжымы төмендегідей тақырыптар бойынша жұмыстар жасады:
Орталық Азиядағы түркі тайпалары ұлыстарының картасын деректер негізінде дайындаған және алғы сөз жазған – Т.О. Омарбеков;
1 бөлім, 1 тарау – Т.О. Омарбеков, С.К. Удербаева, Н.А.Тасилова (§ 1), Т.О. Омарбеков (§§ 2-3), ІІ бөлім, 1 тарау – Е.Н. Ноянов (§§ 1-3, 6) Т.О. Омарбеков (§§ 4-5,7-8); ІІ бөлім, 2 тарау – Е.Н. Ноянов (§§ 1-2), Т.О. Омарбеков (§§ 3-4); ІІІ бөлім, 1 тарау – Т.О. Омарбеков (§§ 1-2, 7), Т.О. Омарбеков, Н.Д. Нұртазина (§ 3), Г.Б. Хабижанова (§§ 4-5, 8), М. Байдаулетова (§ 6); ІІІ бөлім 2 тарау – Б.К. Рахимбекова (§ 1), Т.О. Омарбеков, Г.Б. Хабижанова, М. Өскенбай (§§ 2-3), Т Омарбеков (§§ 4-7), Г.Б. Хабижанова (§ 8); ІІІ бөлім, 3 тарау – Т.О. Омарбеков (§§ 1-2), Г Искакова (§ 3-4), Н.Д. Нұртазина, Г Искакова (§§ 5-6).
Оқулық мазмұны мен сапасын арттыруға байланысты ұсыныстар мен пікірлер [email protected] электронды почтасы арқылы қабылданады.
I бөлім
ТАРИХҚА ДЕЙІНГІ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ
І тарау
ТАС ЖӘНЕ ҚОЛА ЛӘУІРАЕРІ
§ 1. Тас дәуіріндегі қазақ жері
Тас ғасыры және оның кезеңдері. Тас дәуірі адамзат тарихында б.з.д. 2 млн жылдан б.з.д. 2 мыңжылдыққа дейін созылады. Бұл дәуірде алғашқы адамдар тастан жасалған тұрпайы қаруларды өмірде, күнделікті тіршілікте қолдану үшін қолын босатып, белін жазып, біртіндеп тік жүруге мәжбүр болды. Тас дәуірі ғылымда 3 кезеңді қамтиды. Оның алғашқысы палеолит – ежелгі тас ғасыры деп аталады және б.з.д. 2 млн жылдан б.з.д. 12 мыңжылдықты қамтиды, адамзаттың келесі тарихи даму кезеңі мезолитке, яғни орта тас ғасырына жалғасты. Осы орта тас ғасыры б.з.д. 12-5 мыңжылдықтарда орнықты. Адамзат біртіндеп жаңа кезеңге неолитке, яғни жаңа тас ғасырына аяқ басты. Бұл кезең б.з.д. 5 мыңжылдықтан 2 мыңжылдыққа дейін созылды.
Өз кезегінде палеолит үш кезеңге бөлінеді. Оның алғашқысы ерте немесе төменгі палеолит, ол олдувай кезеңіндегі (б.з.д. 2 млн жылдан – б.з.д. 800 мың жылға дейін), ашель кезеңіндегі (б.з.д. 800 мың жылдан – б.з.д. 140 мың жылға дейін) мәдениеттерді қамтиды. Ал орта палеолит ғылымда мустерь мәдениеті деп аталады (ол б.з.д. 140 мың жылдықтан – б.з.д. 40 мың жылдыққа дейін созылды). Сондай-ақ бұларға қосымша кейінгі немесе жоғарғы палеолит кезеңі бар. Ол б.з.д. 40 мыңжылдықтан – б.з.д. 12 мыңжылдыққа дейін жалғасады. Палеолиттің ерекшелігі Еуразия мен Африка аймақтарының сол дәуірдегі мәдениеттерінің едәуір ұқсастығы болып табылады. Палеолиттің көпшілікке мәлім кезеңге бөлу мәселесі соңғы жылдарда елеулі өзгерістерге ұшырады. Бүгінде палеолиттің алғашқы, ең ертедегі мәдениеті ретінде (алдыңғы кезеңдерде ашельге дейінгі) олдувай мәдениеті танылады.
Адамдардың алғашқы қауымдастығы. Алғашқы қауымдық өмір адамзат қоғамының осы дүниедегі алғашқы қадамы болып есептелінеді.