Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап. Коллектив авторов
және ежелгі қазақ жері қоныс аударушылардың көшу жолы деген пікірге тоқталып отыр4.
Ата-бабаларымыздың өмір сүрген жағдайы туралы бүгінгі таңдағы нақты түсінігіміз адамдардың еңбегімен тұрғызылған тұрақтар мен үңгірлерді, тас құралдарды, олардың тамақтану қалдықтарын, және сол кезеңдегі жануарлардың сүйектерін зерттеу негізінде қалыптасады. Яғни артта қалған, «мешеу халық» деп аталатындардың өмірінен мәлімет беретін осындай этнографиялық деректер бүгінде ежелгі адамзаттың материалдық және рухани мәдениетінің кейбір тұстарын нақты түсінуге көмектеседі. Алайда алғашқы қоғам туралы негізгі ақпаратты – тастан жасалған еңбек құралдары беретінін де ескеруіміз керек. Өйткені адамзаттың пайда болуы және адам ретінде қалыптаса бастаулары тас дәуірі деп аталатын дәуірде жүзеге асқан болатын.
Оның біз жоғарыда атап көрсеткен олдувай кезеңіндегі алғашқы адамдар туралы тарихи-археологиялық мәліметтер мардымсыз. Алғашқы тас құралдар өте дөрекі және нашар өңделген болатын. Оларды біртіндеп жетілдіру жаңа тас құралдарының пайда болуына алып келді. Қазақстан аумағында бұл тарихи кезеңдегі алғашқы адам туралы деректер тіптен аз. Алғашқы адамдар жабайы өсетін астық дәндерді, жеміс-жидектерді теріп, яғни терімшілікпен айналысып, аң аулаған. Палеолит дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы күрделі әрі ұзақ даму жолынан өтті. Ол бастапқыда алғашқы тобыр – бірлесіп қорғану және шабуыл жасау, аң аулау мен терімшілік үшін бірігу түрінде болды. Бұл әлеуметтік құрылым тұрпайы да анайылығымен, қоғамдық қарым-қатынастардың тым қарапайымдылығымен және жетілмегендігімен ерекшеленді. Сонымен қатар, оған кейбір некелік байланыстардың тұрақсыздығы да тән болды.
Алғашқы тобыр төменгі палеолиттің ерте кезеңдерінің бірі – ашельге сәйкес келеді. «Алғашқы адамзат тобыры», немесе «ежелгі қауым» адамның жануарлар әлемінен бөлініп шығуының нәтижесінде пайда болған. Ежелгі қауым тұрақсыз құрылым болды және біртіндеп әлдеқайда берік қоғамдық ұйым құрылымына жол берді, себебі тұрақты иерархиялық бірлестіктер тобырға қарағанда өмір сүру үшін табысты күресе алды. Бұл аналық рулық қауымның қалыптасуына ұласты. Әлеуметтік байланыстарды нығайтудың шынайы жолы стихиялы түрде пайда болған туыстық байланыстар болды. Қоғамның рулық құрылымға өтуін археологиялық мәліметтер де растайды. Оның нақты көрінісі – адамдар мекендейтін аймақтарда ұжымдық тұрақтардың пайда болуы.
Ашель кезеңінде біртіндеп жаңа әлеуметтік организмнің – алғашқы қауымның алғышарттары толыса бастады. Қазақстан аймағы адамдардың батыстан шығысқа көшу жолдарында жатқандықтан мұнда питекантроптар мекендеген ашель кезеңінің ескерткіштері кездесе қоймайды. Ал неандартельдермен замандас адамдар өмір сүрген мустье кезеңінде мекендеген алғашқы адамдар тұрақтары қазақ жерінде баршылық (Қызылрысбек, Мұзбел, Үшбұлақ ескерткіштері). Бұл заманда жасы мен жынысына қарай табиғи еңбек бөлінісі, қауымның бастапқы нысандары пайда болды.
4
Таймағамбетов Ж.Қ., Байкунаков Д.С. Қазақстанның тас дәуірі (зерттелу тарихы мен негізгі мәселелері). – Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 215-б.