Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап. Коллектив авторов
тастан жасалған еңбек құралдары – шапқылар, қырғыштар, үшкір тастар – төменгі палеолитке жатады (шамамен 1 млн жыл бұрын). Бұл адам, өз даму эволюциясында һото егесіиз сатысындағы – «тік жүретін адам» болды. Ол бұл уақытта отты пайдалана білді, аң аулаумен және терімшілікпен айналысты. Қазақстандық «гомоэректус» питекантроппен және синантроппен замандас болғандықтан олар алғашқы аңшылар және терішілер ретінде тарих сахнасына шықты.
Қазақстандағы алғашқы адамдардың тұрақтары. Тас дәуірінің ескерткіштері көрсетіп отырғандай, қазіргі Қазақстан аумағы, кейінгі палеолиттен бастап ежелгі адамның қалыптасуы мен даму аймағына кіреді. Ең көне еңбек құралдары – шапқылар, қырғыштар, үшкір тастар, шақпақ тастар Оңтүстік Қазақстанда, Қаратау бөктерінің оңтүстік батыс беткейіндегі Арыстанды өзенінің ең жоғарғы жайылмасынан, Қеңірдек елдімекенінен табылған. Ерте палеолит тұрақтарында табылған мыңдаған артефактілер үшкір тастар, нуклеустер, піспектер Жамбыл облысының Қаратау бөктерінің солтүстік шығысынан табылған. Ашель кезеңіне (б.з.д. 800 мың жылдан – б.з.д. 140 мың жылға дейін) жататын бұл тұрақтар Қызылтау, Бөріқазған, Тәңірқазған деген жерлерде кездесті. Олар таулы қыраттарда орналасқан. Бұл аймақтардағы жер қабатында әр түрлі тас құралдарын жасауға аса қолайлы қақпа тас, доломит, алеврит сияқты минералдар көптеп кездеседі. Орналасқан жері – Жамбыл облысының Талас ауданы. Осындай палеолиттік ескерткіштің табылған тағы бір жері – Тоқалы елдімекені, Көктал өзенінен 5 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерде кремниден жасалынған көптеген шапқыш құралдар, нуклеустер және ірі піспектер кездеседі. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған заттар ұсақ төбешіктерде жатыр, олардың биіктігі 5-20 немесе 60-80 метрдей. Шоғырланған бұл төбелер өзара бір-біріне жақын орналасқан. Қазақстандық археологтар Тоқалы құралдарының мерзімін кейінгі палеолиттің ашель-мустье сатысына жатқызады.
Қаратаудың солтүстік-шығысынан 25 шақырымдай қашықтықта орналасқан Кемер шатқалдарында табылған палеолиттік бұйымдардың жиынтығы Қаратау бөктеріндегі аудандарды мекен еткен адамдардың ең ежелгі құралдарының ірі коллекцияларына жатады, ғалымдар оны ерте ашельдік кезеңнің ескерткіштерінің қатарына қосқан.
Сол кезеңдегі ескерткіштер Қазақстанның басқа да өңірлерінен табылды. Орталық Қазақстандағы Сары-Арқаның шығысындағы тұрақтар Семізбұғы, Құдайкөл, Жезқазғанда орналасқан Жаман-Айбат тұрағы, Қарағанды облысы Жезді ауданында орналасқан Обалысай тұрағы. Шығыс Қазақстандағы Қолғұтты өзенінің бойында, Құршым ауданының Қаратоғай ауылының жанында орналасқан Қозыбай тұрағы осы заманға жатады.
Мустьер мәдениеті. Бұл ежелгі палеолиттің кейінгі кезеңі болып табылады (ол б.з.д. 140 мың жылдықтан – б.з.д. 40 мың жылдыққа дейін созылды). Бұл Ашель дәуірінен кейінгі мәдениет болып табылады. Алғаш рет бұл дәуірдің тұрағы Франциядағы Ле-Мустье үңгірінде ХІХ ғасырдың 60 жылдары табылған еді. Мустьер мәдениетінің адамдары неандертальдықтар