Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап. Коллектив авторов
және бағалады. Концептуалды ұстанымға идеологиялық аспектілер де әсерін тигізді. Сондықтан да мәселені ғылыми меңгеру өзінің өзектілігін сақтап қалды.
ХІХ ғасырдың 40-60 жылдары Ре сей билігінің Орта Азиядағы саясаты. XIX ғасырдың 40-60 жылдары ресейлік биліктің ортаазиялық саясаты ағылшын-орыс қарым-қатынастарына тікелей байланысты болды. Ұлыбританияның Орта Азияға қатысты іс-әрекеті Ресейдің ортаазиялық саясатын белсенді түрде жүргізуіне және Орта Азияны қосып алуындағы саяси себептердің басым болуына үлкен рөл атқарды. Ұлыбританияның Үндістанды жаулап алуының және Орта Шығыс пен Орта Азиядағы әрекеттерін белсенді түрде жүргізуіне байланысты ағылшын-орыс бәсекелестігі күшейе түсті. Патша үкіметі өзінің ұстанымын сақтауға және Ұлыбританияның экономикалық және саяси ықпалының кеңеюіне кедергі келтіруге тырысты. 1830-1840 ж. П.И. Демезон мен И.В. Виткевичтің дипломатиялық миссиялары, сондай-ақ Е.П. Ковалевский мен А.Р. Гернгостың Бұхар хандығына, П. Никифоровтың және Г.И. Данилевскийдің Хиуа хандығына елшілігі, Н.Г. Потаниннің қазақ даласы арқылы Қоқан хандығына саяхаты жүзеге асты. Бұл саяхаттардың нәтижесінде орыс-азиаттық сауда мәселелері бойынша келісімге келіп, ортаазиялық хандықтардың қазақтармен қарым-қатынастары туралы мәліметтер жинақталды65.
1833 ж. жазда Орынбор өлкесінің губернаторы болып В.А. Перовский тағайындалады, ол өзінің алдына екі міндет қояды: бағынбаған қазақтарды бағындыру және орыс әскерлерін Орта Азия хандықтарының шекарасына жақындату. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Сырдарияның төменгі ағысы бойына жаңа әскери шептер салу керек болды, бұл жағдай олармен шектесетін қазақтардың наразылығын туындатты. Кейбір қазақ руларының Орта Азия хандықтарына көшкісі келгендігі де жағдайды шиеленістіре түсті. В.А. Перовский бұл үдерісті тоқтатуға тырысты. 1836-1839 жылдары қазақтарды басу үшін бірнеше жазалау экспедициялары жіберілді. Әрі қарай әскери-саяси экспансияны жүзеге асыру қолға алынады, нәтижесінде Хиуа экспедициясы құрылады. Жасалған жорықтың ресми себебі – Хиуаның орыс-қазақ қатынастарына араласуын бейтараптандыру қажеттілігі, шекаралық аймақтардағы тонау мен зорлық-зомбылыққа шек қою, орыс тұтқындарын босату деп жарияланды. 1839 жылдың қарашасынан 1840 жылдың ақпанына дейін созылған Орынбор өлкесінің әскери губернаторы В.А. Перовскийдің басшылығымен жасалған жорық толық дайындалмаған болып шықты. 1839 ж. көктемде екі бекіністі (біреуі Ембі өзеніндегі, екіншісі Ақбұлақ жеріндегі) нығайту үшін қазақ даласына екі отряд жіберілді және осында Орынбордан отын мен мал, жем-шөп және азық-түлік алып келінген еді. Орынборда құрған экспедициялық отряд 5000 адамнан тұрды, қатты аяздан түйелер қырылып, көптеген адамдар үсікке шалынды. Азық-түлік пен отын таусылғаннан кейін ақпанның ортасында отряд Ембі бекінісіне, кейіннен Орынборға оралды. Осы жорықтың нәтижесінде орыс тұтқындары босатылып, Хиуа елшілігі Санкт-Петербургке жіберілді. Осыдан кейін Ресейдің аймаққа ішкерілей енуі үшін әскери стратегиялық плацдармды құру
65
Хaлфин Н.A. Присоединение Средней Aзии к России (1960-1990 гг. XIX в.). – М., 1965. – 251 с.