Төңкеріс. Пиесалар. Қайыркелдi Руспаев
жалау көтеруді талап етіп отыр. Ал сіздің тағы бір идеяңыз, мына ислами шағын ауданыңыз – ол нағыз әлдиярдың, монастырдың идеясы. Егер білсеңіз, ислам дінінде бұқара халықтан жекеленген үмбет, әлдияр деген болмаған. Өйткені нағыз мұсылман ешқашан қоғамнан бөлініп оңашаланбаған. Жоқ, керісінше, нағыз мұсылман халықтың, қалың бұқараның арасында, өмірдің ауыртпалығын елмен, халықпен бірге көтеріп, отандастарымен ақырғы тілім нанын бөлісіп жеп өткен. Нағыз мұсылман қоғамның, көштің алды болуға тырысып, салихалы да иманды өмірдің насихатшысы болып қалған жұртқа үлгі болуға тырысқан. Сіз әлі де өзіңіздің тәкаппарлығыңыздан арыла алмай отырсыз. Сіздің ойыңызша нағыз мұсылмандар сіздің үлгілі шағын ауданыңызда оңашаланып, қалған жұртқа, сіздің айтуыңызша «өңкей кәпір мен күнәһарларға» жоғарыдан төмен қарап отырмақшы.
Ғабдуррахман. Жоқ, менің бойымда тәкаппарлық жоқ. Мен тек күнәға, азғындыққа ашық соғыс жарияладым. Мен кәпірлерге жихад жарияладым. Және оларды мен кәпір деп отырған жоқпын, іс жүзінде олар кәпір!
Асқар. Сіз тәкаппарлығыңызды мойындамай отырсыз, алайда сіздің шағын ауданда оңашалануыңыздың түбі неде? Күнәға батқан жұрттың арасында жүріп өзіңіздің «пәк» тәніңізбен «пәк» жаныңызды кірлетіп аламын деп қауіптенгеніңізде емес пе. Сіз өзіңізді тым пәк сезінесіз. Сіз өзіңізді қалған жұрттан жоғары дәрежедемін деп санайсыз. Сіз өзіңізді әулие деп санайсыз. Ал бұл нағыз тәкаппарлық. Иә, біздің кейбір отандастарымыздың күнәға белуарынан батып жүргенін мен де мойындаймын. Ал бірақ оларға жоғарыдан түкіріп, оларды төменгі дәрежеде, төмен сатыда тұрған адамдар деп санап, немесе хайуанға теңеген дұрыс емес. Керісінше, біз өзіміздің күнәларымызды мойындап сол күнәлардан арылуға тырысып, жанымыздағы адамдардан, отандастарымыздан бірдеңеміз артылып бара жатса оларға жоғарыдан төмен түкірмей қол ұшын беріп тура жолға шығуға атсалысуға тиістіміз. Мінеки, менің пікірім осы. Мен сіздің идеяңызды қолдамаймын. Сондықтан ешкімнің алдына ондай ұсыныспен бармаймын.
Ғабдуррахман. (сол тесірейген көздерін имамнан айырмай біраз отырады да серпіліп бойын түзейді) Сонымен маған үзілді-кесілді «жоқ» дедіңіз, иә?
Асқар. Иә. Мен сізден қантөгіске жол бермей бүлікті доғаруыңызды талап етемін. Тоқтаңыз, шейх! Әлі де кеш емес. Істеген ісіңізді мойыныңызбен көтеріп жазаңызды алыңыз. Қазір тоқтасаңыз президент өз тарабынан кешірім жасауға дайын. Мына ультиматум соған кепіл.
Ғабдуррахман. Маған оның кешірімі керек емес. Ал егер қан төгілсе, ол қан менің мойыныма артылмайды – менің қан төккім келіп тұрған жоқ. Ол қан өкіметтің, президенттің мойнына артылады. Өйткені мен емес – ол маған шабуыл жасайын деп тұр. Мен мәселені бейбітті түрде шешуге бір емес, екі ұсыныс жасап отырмын. Ал егер қабылдамаса, қабылдамай-ақ қойсын – біз оңайлықпен берілмейміз. Біз автономиямыз үшін бір қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз. Президент тып-типыл болған қаланың орнын сипап қалады. Егер ол соны мақсат тұтып тұрса – бастасын шабуылды.