Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том. Тәттігүл Картаева
1866 году» атты жолжазбасының «Форт № 2» бөлімінде [302, 33-44] Қармақшы қазақтарының балықшылық кәсібі, ауыл көші, қамыс буу, сексеуіл шабу, азық-түлік дайындау, «Форт Перовский» бөлімінде [302, 45-52] бау-бақша өндірісі, сауда ісінің дамуы, бүркітпен аң аулау дәстүрі, «Укрепление Джулек» атты бөлімінде [302, 53-62] Бұхар әмірінің Жөлекке сапары, ислам дінінің таралуы, бақсы емі, қазақтардың көктас қоюы қамтылған.
И.В.Аничковтың Сыр өңіріне қатысты «Забытый край» атты еңбегінде Қазалы уезінің қалыптасу кезеңдері, тарихи географиясы, этношаруашылығы қамтылған [23, 173-294]. Автордың «Очерки народной жизни Северного Туркестана» атты еңбегі көшпелілер мен отырықшылардың мал шаруашылығын ұйымдастыру ерекшеліктері, жұт сияқты қауіп-қатерлердің себеп-салдарларына тоқталған, еңбектің жазылу барысына Қазалы уезі қазақтары негіз болған [24].
Сыр өңірі қазақтарының тарихи-этнографиясы қай уақытта да зерттеушілердің назарын өзіне аударып келген. Сыр өңірі қазақтарының этнографиясын зерттеуге ден қойған әскери шенеуніктер авторлардың қатарында Е.А.Александров пен Г.С.Загряжскийді атауға болады. Көкшетау өңіріне қоныс аударған Сібір казагының отбасынан шыққан Қазалы уезінің басқарма бастығының көмекшісі болған Е.А.Александров қазақ тілін жетік меңгергендігі нәтижесінде жергілікті тұрғындармен етене араласқан. Ал, Ресейдің Смоленск губерниясынан келіп, 1867 жылдан бері қазақ жерінде әскери қызметте болып, Ыстықкөл, одан соң Тоқмақ уезінің, 1870 жылдан Перовск уездерін басқарған полковник Георгий Семенович Загряжский қай өңірде қызмет етпесін, сол өңірдің жергілікті тұрғындарының ерекшелігін жазып отыруға ден қойған. Г.С.Загряжскийдің Орта Азия ғалымдар қоғамына, Жаратылыстану әуесқойларының Түркістан бөліміне, Москва университеті жанындағы антропология және этнография қоғамына мүше болуы оның зерттеушілік қабілетін арттыра түсті, әрі осы қоғамдардың жиылыстарында Сыр өңірі қазақтарының этнографиясынан хабарламалар жасап отырған. Бұл екі автор да Сыр өңірінің қазақтарына қатысты жазбаларын Сыр бойында әскери қызметте жүріп, қағаз бетіне түсіріп, ел басқару ісін жергілікті қазақтардың тарихи-этнографиясын зерттеу ісімен ұштастырған.
Е.А.Александров Қазалы уезінде әскери қызметте жүріп жергілікті көшпелі қазақтардың дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығын зерттеп, олардың қыстаудан жайлауға көшу жолдарының бағытын қағаз бетіне түсіріп, жазбаларын сол кезеңде-ақ ғылыми айналымға ендірген.
Қазалы уезі көшпелілерінің негізгі тобы жазды Ырғыз уезі жеріндегі жайлауларда өткізген. Е.А.Александровтың көшпелі шаруашылыққа қатысты жазбалары жергілікті ру ақсақалдарының, ру басыларының дерек берулері, айтулары негізінде жазылған. Оның «Пути кочевок киргиз Малой Орды Перовского и Казалинского уездов» [11] атты мақаласында шөмекей, төртқара, шекті тайпаларының көшу бағыттарының күрделігі, асулар, өзен-суларды бойлай отырып көшкендіктері және бір рудың өкілдері болғанымн қоныстанған ауылдары мен біріккен қауымдарына қарай әртүрлі бөлек