Сыр өңірі қазақтары. Тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы). 1-том. Тәттігүл Картаева
Средней Орды киргиз-кайсаков» атты еңбегі Сыр өңіріндегі Орта жүз тайпаларының да қоныстануын қамтыған [18].
Л.Ф.Баллюзектің Кіші жүз қазақтарының әдеттік құқығын қамтыған жазбалары Перовск және Қазалы уезі қазақтарына тікелей қатысты [45].
Е.Смирновтың «Сыр-Дарьинская область» атты еңбегінде 1879-1880 жылдардағы Перовск және Қазалы уездерінің сипаты тарихи-географиялық, тарихи-этнографиялық қырынан қамтылған, Сырдария облысын мекендеген тайпалар тізбесі қоса берілген және де осы кітапқа енген демографиялық мәліметтер статистикалық деректер қатарын толықтыра түседі [333].
Сыр көшпелілерінің Торғай облысының Ақтөбе, Қостанай, Торғай уездері жерлеріндегі жаздық қоныстары мен көктеу, жайлау, күздеуде болу мерзімі жайында және қыс кезінде Ырғыз қазақтарының Қазалы жерінде көшуі, олардың саны жайында Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесі және Ғылыми архивтік комиссия мүшесі Александр Иванович Добросмысловтың «Скотоводство в Тургайской области» атты еңбегінде қамтылады [111]. А.И.Добросмысловтың «Ветеринарный надзор в Тургайской области» атты еңбегінде Сыр өңірі көшпелілерінің жазда Торғай облысы жерлеріне көшу кезінде тоқтайтын бекеттері, олардың ара-қашықтығы көрсетілген, бұл мәлімет Сыр өңірі қазақтарының байырғы көшу жолдарын нақтылауға құнды дерек болар деректің бірі [108]. Осы автордың «Горада Сыр-Дарьинской области. Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулиеата, Чимкент» атты қолжазбасында Қазалы және Перовск қалаларының тарихы, қаладағы сауда ісі, сауда айналымы, қаладағы қазақтардың кәсіпшіліктерінің дамуы жазылған [110].
Бабыр жазуларында Сырдария бассейнінің тарихи-экологиялық мәселерін қамтыған. Онда: «Сейхун өзені Ходженттің солтүстік-шығыс жағында жатыр, осы өңірден өтіп батысқа қарай ағады, Ходженттің солтүстігі, одан әрі Финакет, яғни Шахрухидің оңтүстігінен өтіп, одан әрі қайтадан солтүстікке Түркістан өңіріне қарай ағады. Түркістаннан төмен қарай ұл өзен ешқандай өзендермен қосылмайды, құмға сіңіп кетеді», – деп көрсетілген [40, 29]. Н.Вамберидің неміс тілінде шыққан «Das Tьқkenvolk in seinen ethnoloғischen әnd ethnoғқaphischen Beөiehәnғen» атты еңбегінде Сыр өңірі тайпаларының ортағасырлық этногеографиясы қамтылған [380].
Н.В.Остроумов құрастырған «География Туркестанского края (Родиноведение)» атты жинаққа Түркістан өлкесінің солтүстік-батыс бөлігін, яғни Перовск және Қазалы уездері қазақтарының демографиясы мен дәстүрлі шаруашылықты жүргізу жолдарын қарастырған материалдар енген [82].
Сыр өңірі қазақтарын этнографиялық қырынан ғылыми тұғыда зерттеу ХІХ ғасырдан бастап жүргізілген. Сыр өңірі қазақтарының этнографиясына бағыт-бағдар беретін Құдабай Қостанаевтың «Этнографические очерки киргиз Перовского и Казалинского уездов» атты еңбегінің маңыздылығы ерекше. Автордың бұл зерттеуі Перовск және Қазалы қазақтарының типі, киімі, баспанасы, тағам жүйесі, бұйымдары, көші-қон, қонақ күту, қыстау, құда түсу, некелесу, әдет-ғұрып, наным-сенім, бала тәрбиесі, бақсы емі, өлікті жөнелту сияқты тақырыптарға бөлініп, аталған