Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап. Коллектив авторов
ХІV-ХІІІ ғасырлардан ХІХ-ХХ ғасырларға дейін келеді. Ескерткіштің алып жатқан аумағы 1200 шаршы метрге дейінгі аймақты қамтиды. Мұнда ежелгі қабірлер көптеп кездеседі және олар қола дәуіріне жатады. Сонымен бірге осы қабірлердің бірнешеуінде Тамғалы өзенінің жағасындағы Тамғалы 2 және Қарақұдық 2 тәрізді тарихи орындарда ежелгі петроглифтер кездеседі. Бұл қабір қорғандарды кезінде, 1958 жылы А.Г. Максимова зерттеп, оларды б.з.д. ІІІ – б.з.д. ІІ ғасырларға жатқызған еді. 1986 жылы Тамғалы 6 қорғанында қазба жұмысы жүргізілді. Онда табылған ыдыстар және қола айна, зерттеушілердің пікірінше, б.з.д. V-ІV ғасырларда жасалған. Тамғалыдағы петроглифтердің жалпы саны 5000-ға жуық екені анықталып отыр.
Қапшағай петроглифтері. Бұл петроглиф ескерткіштері Алматыдан 100 км қашықтықта Іле өзенінің аймағына орналасқан. Ондағы суреттер 18 тасқа бейнеленген. Зерттеушілер Г.В. Фишер, А.Н. Никольский, Н.Н. Пантусов, А. Позднеев ХІХ ғасырдың өзінде-ақ бұл ескерткіштерге назар аударған екен. Зерттеулер бұл петроглифтердің б.з.д. ІІ ғасырдан бастап салынып, ХІІ ғасырға дейін жалғасқанын көрсетіп отыр. Мұнда негізінен құлшылық етіп, табынып жатқан адамдар және ежелгі тибет жазуларының сондай-ақ көне түркі таңбаларының белгілері кездеседі. Олардың ішінде әсіресе назар аудартатыны Будданың бейнесі. Зерттеушілер оның салынған кезеңін б.з.д. ІІ ғасырға жатқызды. Осы аймақта сақ тайпаларының арасында буддизмнің кеңінен таралғаны, олардың күн құдайына, жер құдайына және соғыс құдайына сыйынғандары деректерден белгілі. Мұндай ескерткіштер, будданың қатысуымен жасалған петроглифтер кезінде Қазақстанның және Қырғызстанның басқа да аймақтарында кездескен болатын. Қапшағай петроглифтеріндегі көне суреттер кейініректе Шыңғыс ханның жаулауы кезінде, сондай-ақ жоңғар шапқыншылығы жылдарында қосымша жазулармен толықтырылған. Суреттердің шебер салынуы еріксіз назар аудартады.
Қараеспе петроглифі. Бұл ескерткіштер Алматы облысының Қараеспе аңғарындағы Шолақтауда кездеседі. Археолог А. Марьяшев 1982-83 жылдары оларды зерттеген еді. Онда айбалта асынған батырдың бейнесі, қарғып және секіре жортып бара жатқан жануарлар әсіресе, еліктер мен тауешкілер кескіндері кездеседі. Ғалымдардың пікірінше, бұл ескерткіште ежелгі сақ дәуіріндегі рухани-шаруашылық өмірдің көрінісі бейнеленген.
Қарақыр петроглифі. Бұл ескерткіштер Тамғалы шатқалынан солтүстік батысқа қарай 7-8 шақырым қашықтықта орналасқан. 1980 жылы А.Н. Марьяшев бастаған экспедиция зерттеді. Үлкен ірі тастарға бейнелеген бұл петроглифтерде садақ тартқан садақшылар, атқа мініп жортып бара жатқан жауынгерлер, басы күн сәулесін еске түсіретін құдайлар т.б. белгілер салынған. Сондай-ақ мұнда ірі-ірі шайқастардан көріністер, құрбандық шалу әрекеттері, аң аулап жүрген аңшылар бейнеленген. Оның жалпы салыну тәсілі Тамғалы тастағы суреттерге жақын екендігі және олардың кейбіреулерінің сақтардың «аң стилімен» бейнелейтін өнерін еске түсіретіні байқалады.
Сонымен