Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтардан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі дәуірлерде. 1-кітап. Коллектив авторов
дәл осы жерге шоғырландырады дегенді айтады37.
С.Е. Әжіғали Дахтардың/Дайлардың Каспий жағалауындағы этно және топонимикада өзіндік із қалдырғандарын атап көрсете келе, бәлкім, Яик (каз. Жайық) өзенінің атауы да Птоломейдің картасында көрсетілген «Даикс» атауымен байланысты болар (б.з. ІІ ғ.) деген болжам айта кетеді. Сонымен бірге ол өз зерттеулерінде бұл мәселеде А. Абдрахмановтың және В.В. Бартольдтың қорытындыларына сүйенеді. С.Е. Әжіғалидың ойынша, егер осыны дұрыс деп қабылдасақ, онда біздің заманымыздың басында-ақ түріктердің этникалық топтарының солтүстік Каспий жағалауына қоныстанғандарын мойындауға тура келеді. Өйткені, Птоломейдің картасында көрсетілген «Дайксудың» бойында бұл тұста «аорстар» қоныстанып үлгерген еді38. Мұндай орналасу ежелгі қытай жылнамаларында нақты көрсетілген: «Солтүстік айбат елі мен қаңлының солтүстігіндегі леу (лок) және нәм (ням) елдерін атауға болады. Сондай-ақ сармат (әмсай) – алан деп аталатын аорстар да бұларға көрші. Аорстардың әдет салты қаңлылармен ұқсас. Елінің шекарасы батыста Александриямен, оңтүстік шығыста Қаңлымен шектеседі. Бұлғын, сусар аулап, бағалы ұлпандарын шетке шығарады. Мал жағдайымен көшіп-қонады. Жер қонысы телегей теңізге таяу. Бұрын қаңлыларға қараған екен, қазір оған қарамайды»39. Егер мәселені осылай қабылдайтын болсақ, онда жоғарыда айтылған қытай жылнамасындағы «Дай шағын мемлекет» деген қорытынды рас болып шығады. Біздің бұл пікірімізді Дахтардың/Дайлардың басқаларға ылғи да тәуелді халге түсуге мәжбүр болғанын дәлелдей түсетіндей. Өте жауынгер бола тұрса да, бұл тайпалар саны аз, мемлекеті әлсіз болғандықтан, көршілерінің шылауына ілесіп, айдауына жүруге мәжбүр болған болса керек.
Бірсыпыра ғалымдар ежелгі дайды осы күнгі қазақ адайының түпкі тегі деп есептейді. «Шынжаң тарихы сөздігінде»: «Каспийдың Хорезмге таяу шығыс жағын мекендеген ұлыс. Сондықтан «Тарихи жазбаларда Хорезммен қатар аталған» дейді»40.
Ал енді кейінгі қазақтың адай тайпасын ежелгі Дайлармен тарихи сабақтастықта қарастыратындардың пікірлеріне келер болсақ, бұл әлі де тарих ғылымында шешімін таппаған аса күрделі мәселе. Алайда, бұл пікірлерді айтушылардың көзқарастары негізсіз еместігін де айтуға тиістіміз. «Адай» этнонимі естілуі жағынан ғана емес, адайлардың өздерінің географиялық орналасулары жағынан да Дайлармен сәйкестік байқалады.
Аде, Адйе дегендер кімдер? Адайлардың арғы аталарын ежелгі Едіздермен (Аделермен) байланыстыратындар да бар. Осының нақты көрінісі зерттеуші А. Нұрмағамбетовтың адай этнонимінің шығу тарихын ежелгі Атйе, Адйе тайпаларымен байланыстыруы дер едік. Бұл қисынды пікір қытай жылнамасындағы деректерге сүйенеді. Сонымен қатар, зерттеуші осы көзқарасты қолдайтын басқа ғалымдардың пікірлеріне де жүгінеді. Мысалы, В.В. Радловтың ежелгі Гао-гюлер құрамынан Бае-гумен қатар Аде руын да кездестіргені белгілі41. Л.П. Потаповтың УІ-УІІІ ғасырлардағы Теле бірлестігі құрамынан
37
Ажигали С.Е. Очерк этнической истории аридной зоны Арало-Каспий (в свете проблем этногенеза) // История и культура Арало-Каспия. Сборник статей. – Вып. 1. – Алматы, 2001. – 14-15 с.
38
Там же, 15 с.
39
Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з.б. 177-б.з. 222 жылдары). Бірінші кітап. – Алматы, 2006. – 226-б.
40
Сонда, 257-б.
41
Радлов В.В. К вопросу об уйгурах. – СПб., 1893. – 90 с.