Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап. Коллектив авторов
қозғалысқа шығуы тез арада және бір қалыпты болмады. Көтеріліс болған аудандардың кеңеюімен басқа аймақтар біртіндеп қосылып отырды. Жоламан Тіленшіұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының белгілі бір бөлігі көтерілістің алғашқы күнінде-ақ Кенесарының қозғалысына қосылып кетті. Көтеріліс аумағының кеңеюіне Кенесарының Ресейдің қол асытындағы қазақ руларына жазған үгіт-насихат хаты ықпал етті. Жолданған хаттарында Кенесары ортақ жауына қарсы барлық қазақтарды қарулы қозғалысқа бірігуге шақырды.
Кенесары Қасымұлының қозғалысына сұлтандардың бірқатары қосыла бастады. Сұлтандардың көтеріліске қосылуына 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы жарлықтың» жариялануы әсер етті. Жарлық бойынша барлық сұлтандар жоғарғы тапқа тиесілі болса да олардың барлығы бірдей жоғарғы сұлтан мен болыс басшылары қызметіне тағайындала алмады. Сол себептен де сұлтандардың жартысы өз артықшылықтарынан айырылды. Жарлық бойынша аталған сұлтандар тобына Қазақстан территориясы арқылы өтетін сауда керуендерінен баж салығын алып отыруға тыйым салынды, сұлтандардың экономикалық жағдайы белгілі бір дәрежеде нашарлай түсті.
Сұлтандар көтерілістің алғашқы кезеңінде (1837-1838 ж.) халықпен бірге жаппай қатысқанымен, көтерілістің келесі шешуші кезеңдерінде олардың басым бөлігі көтерілістен бас тартты. Бұған себеп орыс отаршылдарының үстемдігі нығайған тұста өздеріне тиесілі артықшылықтар мен пайдадан айырылып қалудан қорықты.
Кенесары Қасымұлының әскері халық батырлары мен феодалдық жасақ – төлеңгіттерден құралды. Кенесары әскері құрамында қазақ жүздеріндегі ықпалды да танымал батырлар болды. Олардың қатарында Шұбыртпалы руынан Ағыбай (Орта жүз – Қарқаралы), Сүйіндік руынан Жанайдар батыр (Орта жүз – Баянауыл), қыпшақ руынан Иман Дулатұлы (Амангелді батырдың атасы) (Орта жүз – Торғай), табын руынан Жоламан Тіленшіұлы (Кіші жүз – Сырдария), Дулат руынан Бұғыбай батыр (Ұлы жүз – Жетісу, Жамбыл), Дулат руынан Саурық батыр (Ұлы жүз – Жетісу), Атығай руынан Аңғал батыр (Орта жүз – Көкшетау), Қыпшақ руынан Басығара батыр (Орта жүз – Ақмола).
Батырлар арасында танымал болған Кенесарының апасы Бопай ханша еді. Көтерілістің алғашқы күнінен бастап-ақ белсенділік танытып, кейін көтеріліске қатысуға күйеуі Сәмеке мен оның туыстары – Сөртек сұлтан мен Досан Әбілқайыр ұлдарын да шақырады. 1837 жылы ұсынысын қабыл алмаған күйеуі бөлек кетіп, 17 жасар ұлымен тағдырын байланыстырды және көтеріліске қатысудан бас тартқан сұлтандардың саудасы мен мүлкін тәркілеп, зекет салығын жинап отырған 500 адамдық әскерін басқарды. Бопай Кенесарының барлық жиналыстарына қатысып, оның ірі қозғалыстарына араласты және жау тылын бағдарлайтын жекеленген партизандық топ жұмысында болды.
Кенесары әскерін қазақ көтерілісшілерімен қатар көтеріліс өткен аудандарда тұратын әр түрлі ұлт өкілдері толықтырып отырды. Ортақ жауына қарсы қазақтармен бірге патша үкіметіне қарсы орыс, башқұрт және татар шаруалары да қатысты. Кенесарының қарамағында олардан өзге қарақалпақ, түрікмен, өзбек,