Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап. Коллектив авторов
бас иетін вассал табатынына сеніп, жақсы қарсы алып, Кенесарының сұраған оқ, қорғасын, жүз шақты қаруын да мақұлдайды. Алайда Кенесары қоқандықтардың қоластындағы қазақтардан «зекет» жинап, билеушіге бас имейтіндігін дәлелдеді. Ташкент билеушісі жасырын түрде Кенесары мен оның төңірегіндегілердің көзін құрту үшін әскерін жібереді. Осы шабуыл кезінде Кенесарының әкесі Қасым төре мен біраз туысы қаза болды, ал басқалары тұтқынға алынып, мүліктерінен айырылды.
Кенесары Қасымұлының мемлекеттік және дипломатиялық қызметі. Бұл жағдайдан кейін Кенесары халқымен бірге Торғай жағалауына көшеді де ұлт-азаттық қозғалыстың орталығын осы аймақта бекітеді. Мұнда үш жүздің өкілдері әкесінің өмірден озғанына бір жыл өткен соң Кенесарыны ақ киізге көтеріп, бүкіл қазақтың ханы етіп жариялайды. Бұл оның мансабы мен атақ дәрежесін жоғарылатады.
Кенесары қазақтың құқық жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізді, ру ішіндегі сотты жойды және жалпы қазақ сотын құрды. Кенесары сауда керуендерінен алынатын баж салығы мен зекет салығын жинауды ретке келтірді, өз бетінше халықтан зекет жинағандарды аямай жазалады. Олардан түскен ақшаны мемлекеттік қажеттілік үшін қазынаға жинап отырды. Сырдария ауданында салықтың ерекше түрі – ұшыр салығы енгізілді.
Ташкент билеушісі бұйрығымен Кенесарының әкесінің қаза болуы және ауылын қырып-жоюы оның қоқандық ханға қарсы шығуына түрткі болды. Кенесары өзінен мықты қарсыластарымен екі майдан алаңында соғыс жүргізе алмады. Сол себептен де ол Ресеймен қарым-қатынасын реттеуді жөн көрді. Патша әкімшілігімен жүргізген келіссөздерде Кенесары айрықша талантты дипломат ретінде өзін көрсетті. Ең алдымен, Кенесары әскери старшын Лебедевпен «жоғары мәртебелі патшадан кешірім сұрау» жайлы хат жазады. Кенесарының шынайылығына сенген Лебедев орынборлық әскери губернатор Перовскийге хабарлайды. Ол Лебедевтің пікірімен келісе отырып, патшаға кешірім сұрағаны жайында мәлімет береді. Сол бір мезгілде Кенесары шекара комиссиясының төрағасы Генспен келісім жүргізеді. Одан кешірім сұрай келе, сібірлік билік басындағылардың оның ауылын иесіз қалдырғандарына наразылық білдіреді. Сол себептен ол Орынбор ведомствосы даласына көшкендігін түсіндіреді.
Генске жазған басқа хаттарында ол орыс отрядтарының қолға түсірген туыстарын бостандыққа шығаруын сұраса, кейін тағы да қазақтарды қатаң жазалаған сібірлік билеушіге наразылығын білдіреді. Хат алмасудың нәтижесінде Кенесарыға кешірім беріліп, туыстарын да бостандыққа шығара бастайды.
Кенесарының қоқандықтарға қарсы соғысы. Орынбор ведомствосының қолдауын өз үлесіне тиімді пайдаланып және біраз тыныққан Кенесары 1841 жылы Қоқан хандығына қарсы соғыс ашады. Бұл кезде Қоқан мен Бұхара хандықтарының арасында күрес жүріп жатқан болатын. Кенесары Бұхар хандығымен одақ құрып, қоқандықтарға қарсы соғыста қолдау көрсетіледі деген сеніммен Қоқан хандығына қарсы Бұхарамен одақтас ретінде шайқасады, сонымен қатар