Ежелгі жəне орта ғасырлардағы түркі тайпалары мен Иранның мəдени, саяси қарым-қатынастары. Жомарт Жеңіс
одаққа дайын екендіктерін білдірді. Түркілерге қарсы угор тайпалары көтеріліп, аварларға барып қосылды. Түркілер біртіндеп әлсірей бастады.
Осы тартыстан Иран да шет қалмай, 626 жылы Сирия, Палестина, Мысырды жаулап алды. Славян-авар күштерi империя астанасы Константинопольды қоршады. Бiрақ 628 жылы Ираклии патша Ираннан бұрынғы жерлерiн қайтарып алды. Осы кезде әлсiреген Иран империямен алысуға шамасы келмедi. Ирандағы идеялық тығырықты пайдаланған жаңа, ислам дүниетанымымен қаруланған арабтар тарих сахнасына шықты. 634 жылы арабтар Сирияны, 638 жылы Антиохияны, Месопотамияны, Арменияны, VII ғасырдың соңына қарай Солтүстiк Африканы алды. Арабтар жаулап алулары бұл жерлерде феодалдық қатынастарды жеделдеттi. Ал империя болса христиандық идеологияның дағдарысын бастан кешiп, құлдырау үстiне құлдырай бердi. Шiркеу дағдарысқа ұшырады.
Бақылау сұрақтары:
1. Зороастризм дінінің Иран-Тұран қарым-қатынасындағы маңызы қандай болды?
2. Сасанилер билігі тұсында Түркі қағанаты мен ирандықтардың қарым-қатынасы қандай болды?
3. «Жібек жолының» Византия – Түркі қағанаты – Иран қатынасындағы рөлін сипаттаңыз.
1.3. «Шахнаме» дастанындағы Тұран мен Иран
Фердаусидiң орта парсы тiлiнде жазылған «Шахнаменің» толық мәтiнi 1999 жылы Қатре баспасынан (Иран) 1367 бет болып алтыншы рет басылып шықты. Иран әдебиетi мен тарихының керемет үлгiсi «Шахнаме» (патшалар кiтабы) жырының авторы Әбiлқасым Фердаусидiң «Шахнамедегi» автордың келтiрген түркiлер мен Тұранға қатысты мәлiметтердi түркi тарихын зерттеуде пайдаланудың едәуiр қиыншылықтары бар. Әсiресе осы мәлiметтер арқылы түркi тарихын хронологиялық тұрғыда жүйелеп көрсету өте қиын. Тiптi жырдағы түркi билеушiлерiнiң есiмдерi бiр ғана жиынтық түрде, тек Афрасиаб есiмiмен берiлген. Дегенмен оқырмандардың өздерiне керектi мәлiметтердi жырда келтiрiлген оқиғалармен салыстыра қарауына мүмкiншiлiк беру үшiн Ирандағы сасан әулетiнiң билеушiлерiнiң билеу кезеңдерi мен Тұран билеушiлерi (Түркi қағанаттары) кезiндегi тарихи оқиғаларды қатар көрсете кетудi дұрыс санадық.
Қазақтар мен парсы-тәжiктер – баяғы тұрандықтар мен ирандықтардың қазiргi ұрпақтары. «Шахнамедегі» Тұран тұлғалары көне тарихтың қаһармандары ретiнде есімдері халық ауыз әдебиетiнде насихатталып, қазақтың ат қою дәстүрінде де олардың әcepi байқалуы тиiс еді. Қазақ арасында кісі есімдерінің жырдағы кездесетiн тұрандық батырлар – Қарн, Барман, Құман, Қарухан, Пашанг, Ағрирас, Андаман, Мақатөрелерден гөpi ирандық Рүстем, Дастандардың көптігінің өзiндiк себептерi барлығы анық.
Әбілқасым Фердаусидің иран әдебиетi мен тарихының керемет үлгiсi болып табылатын «Шахнаме» (патшалар кiтабы) жыры желісінің негiзi Иран-Тұран қатынастарының тарихын суреттеуден тұрғандықтан шығарманың көне түркiлердiң тарихы мен мәдениетiн қалпына келтiруде маңызы баршылық. В. Бартольд, Л. Гумилев сияқты мәшhүр тарихшылар да өз зерттеулерiнде аталмыш жырға сiлтеме жасаудан тартынбаған. Шахнаметанушы И. Брагинский кітаптың формальды түрде аңыздық және