Жалпы гидробиология. Б. Минсаринова

Жалпы гидробиология - Б. Минсаринова


Скачать книгу
аймақтардың жазықтығындағы көлдер мен бөгендерде жазда термоклин қабатының үстінде орналасқан қабаттарда оттектің мөлшері шамадан тыс болады.

      Фитопланктонның жаппай дамуы арқасында зоопланктонның дамуына қолайлы жағдай туындайды. Өлген планктон қауымдастықтары су түбіне түседі және ыдырайды. Дегенмен термоклин зонасында олардың шөгуі су тығыздығының артуымен баяулайды және олардың ыдырау процесіне оттектің көп мөлшері шығындалады. Термоклин қабатының үстіндегі планктонның тығыз қабаты балдырлардың дамуын тежеп, су тұнықтығын төмендетеді және олар О2 жетіспеушілігін толықтыруы да мүмкін. Оттектің біраз бөлігі планктонның тыныс алуына жұмсалады. Кейде термоклин қабатында оттектің мөлшері азаяды немесе мүлдем жоқ болып кетеді.

      Көмір қышқыл газының вертикалды таралуы О2-мен тығыз байланысты. Фотосинтез процесінде көмір қышқыл газының концентрациясы азаяды, тыныс алғанда, өлім-жітімге ұшыраған организмдердің ыдырау процесінде және химиялық реакциялар кезінде керісінше артады.

      Бақылау сұрақтары:

      1. Судың физика-химиялық қасиеттерінің гидробионттардың тіршілігіне тигізетін әсерлерін түсіндіріңіз.

      2. Грунттың физика-химиялық қасиеттерінің гидробионттардың тіршілігіне тигізетін әсерлерін түсіндіріңіз.

      3. Табиғи судың құрамындағы еріген заттардың гидробионттардың тіршілігінде алатын орнын түсіндіріңіз.

      4. Суқоймаларындағы физика-химиялық құбылыстардың гидробионтардың тіршілігінде алатын орнын түсіндіріңіз.

      5. Табиғи сулардың химиялық қасиеттерінің гидробионттардың тіршілігіне тигізетін әсерлерін түсіндіріңіз.

      2-тарау

      СУҚОЙМАЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ МЕКЕНДЕУШІЛЕР

      2.1. Әлемдік мұхит және оны мекендеушілер

      Жердің су қабатын Әлемдік мұхит, континенталды суқоймалары және жерасты суқоймалары құрайды. Әлемдік мұхит жер бетінің 70 %-ға жуығын алып жатыр. Күн сәулесі энергиясының әсерінен үздіксіз су айналымы жүреді. Әлемдік мұхиттың бетінен су буланады және атмосферада қозғалады, жерге түрлі жауын-шашын түрінде түседі.

      Гидросфераны мекендеушілер түрлік саны бойынша құрлық жануарларынан біршама аз болады, өйткені құрлықта насекомдар фаунасы өте көп. Тек гидросферада тақталылар (Placozoa), ішекқуыстылар (Coelentereta), ескектілер (Ctenophora), тікентерілілер (Echinodermata), қылтанжақтылар (Chaetognata), погонофоралар (Pogonophora) типтерінің өкілдері мекендейді. Кейбір типтердің тек сулы ортада ғана мекендейтін класс өкілдері де бар. Мысалы, буынаяқтылар типіне (Arthropoda) жататын семсерқұйрықтылар (Xiphosura) класының өкілдері, моллюскалар типінің бақалшықтылар тип тармағына (Conchifera) жататын моноплакофоралар (Monoplacophora), тақтажелбезектілер (Lamellibranchia), күрекаяқтылар (Scaphopoda) және басаяқтылар (Chephalopoda) класының өкілдерін жатқызуға болады.

      Су мекендеушілерінің өздеріне тән ерекшеліктері – зоомассаның фитомассадан біршама басым болуы, ал құрлықта бұған қарама-қарсы.


Скачать книгу