Жалпы гидробиология. Б. Минсаринова

Жалпы гидробиология - Б. Минсаринова


Скачать книгу
Пелагиалды мекендеушілер . Теңіз пелагиалында бактериялар және балдырлар басымырақ болады.

      Бактериялар жоғары қабаттан су түбіне дейін кездеседі, бірақ негізгі массасы эвфотикалық қабатта шоғырланады, ол жерде барлық планктон биомассасының 90 %-н құрайды, тереңге қарай бактериялардың саны 2-5 есеге дейін азаяды.

      Балдырлардың арасында диатомды (3 мыңға жуық түр), перидинеялар (15,5 мың түр), жасыл, көк жасыл (200-дей түр) балдырлар басым болып келеді. Диатомдылардың 300-дей түрі Арктика, Антарктида суларында, төменгі ендіктерде және тропиканың эвтрофты аудандарында көптеп кездеседі. Төменгі ендіктердің олиготрофты аудандарында суды қызыл түске бояйтын перидиниялды балдырлар өте көп өседі. Осы аудандарда көк жасыл балдырлар да көптеп кездеседі. Кейбір аудандарда биогендердің концентрациясына тәуелді балдырлардың саны өте күшті ауытқиды.

      Теңіздердің фитопланктонының негізгі массасы 100-150 м тереңдікте эвфотикалық қабатта шоғырланады. Олардың басым бөлігі негізгі пикноклиннен жоғары орналасады. Бұл жерде жыл бойы тығыздық ауытқу қабаты байқалады. Әртүрлі аудандарда балдырлардың орташа саны 1 литрде 102-105 клетка болады, ал биомасса 0,5 мг/л-ден 1 г/л-ге дейін болады.

      Қоңыржай және жоғары ендіктерде балдырлардың шоғырлануы ең жоғарғы қабатында, ал тропикалық зоналарда күн радиациясы жоғарырақ болғандықтан 10-15 м тереңдікте байқалады.

      Зоопланктон. Әлемдік мұхиттың зоопланктонында қарапайым радиоляриялар (7-8 мың түр), фораминифоралар (1000-дай түр) басым болып келеді (2-сурет). Пелагиалда аздаған санды талшықтылар-коноцтар, кейбір инфузориялар тіршілік етеді. Қарапайымдылардан кейін түрлік саны жағынан көбі – ішекқуыстылар. Ішекқуыстылардың медузоидты ұрпағы гидрозооның 4000-ға жуық түрі белгілі болса, сцифозоолардың 200-дей түрі кездеседі. Төменгі көпклеткалылардың арасынан ескектілерді (120 түр) атауға болады. Теңіз зоопланктонында көпсанды шаянтәрізділер ескекаяқтылар, эвфаузиялар, бақалшықтылар және мұртаяқтылардың дернәсілдері бар. Теңіздік планктонды шаянтәрізділердің 1200 түрінен ескекаяқтыларға 800-ден астам, амфиподаларға 300-ден аса, эуфаузидиялардың 80-нен артық түрі жатады. Сандық қатынасы жағынан шаянтәрізділердің арасында ескекаяқтылар маңызды, бұлардың үлесіне барлық зоопланктон биомассасының 70-90 %-ы тиесілі. Олардың арасында, әсіресе Calanus туысының өкілдері көп. Әлемдік мұхиттың әртүрлі аудандарында зоопланктонның орташа биомассасы өте кең көлемде ауытқиды. Судың жоғарғы 100 м қабатында апвелингтарда 500 г/м3 жетеді.

      2-сурет. Әртүрлі радиаляриялар (Жизнь животных. Т. 1. – М., 1987)

      Экваторда судың қарқынды араласатын жерлерінде зоопланктонның биомассасы салыстырмалы түрде жоғары (100-200 мг/м3). Орталық және оңтүстік аудандарда (25 мг/м3-ден аз) және солтүстік субтропикалық айналымдары бар суларда (25-50 мг/м3) зоопланктон біршама кедей.

      Нектон. Негізінен, басаяқты моллюскалар, жоғары сатыдағы шаянтәрізділер (Malacostraca), балықтар мен сүтқоректілер жатады.


Скачать книгу