Араб тілінің терминологиясы. Анар Мустафаева
(Сирия) Араб тілі академиясы. Ол алғашында Араб ғылыми академиясы деп аталды. Академия 1919 жылы Мұхаммад Курд Әли жетекшілігімен Сирияда білім мен басқарманы арабтандыру мақсатында құрылды. Академия кезінде тарихи-археологиялық, мәдени ескерткіштер жиналған археологиялық мұражай, трактаттар мен кітаптардың үлкен бөлігі жиналған кітапхана, айлық журнал (1921 жылдан) жұмыс істеді. Кітапхананың орналасқан орны ретінде Сұлтан әз-Захир Бейбарс Дамаскіде салған мектеп таңдап алынғандықтан, оны Захирия кітапханасы деп атады. Журнал 1931 жылдан екі айда бір рет, ал 1948 жылдан тоқсан сайын шығып тұрды.
Каирдегі (Египет) Араб тілі академиясы. Араб тілінің корольдық академиясының құрылысы жайлы қаулы 1932 жылы шықты. 1938 жылы мекеме І Фуадтың Араб тілі академиясы болды, ал 1953 жылғы шілде революциясынан кейін ол Араб тілі академиясына айналып, бұл атау бүгінгі күнге дейін сақталды. Каирдегі академия араб тілінің дамуы саласында бірқатар жобаларды орындады. Олардың арасында терминология саласында:
Араб сөздіктерінің құрылуы: «المعجم الوسيط» [al-Mu’jam ul-Uasii] (1960), «معجم ألفاظ القرآن الكريم» [Mu’jam Alfa il-Quraan il-Qariim] (Қасиетті Құран сөздерінің сөздігі) (1953‐1969), «المعجم الفلسفي» [al-Mu’jam ul-Falsafi] (философиялық сөздік) (1979), «المصطلحات العلمية والفنية» [al-Mualahaat ul-‘Ilmiya ua al-Fanniya] (ғылыми-техникалық терминдер) (алғашқы басылым 1958 жылы және қырық жетінші басылым 2007 жылы) және басқалар.
1934 жылдан бастап шығатын жылдық журнал. 24-санынан бастап жылына екі рет шыға бастады. Оның төрт бөлімінің бірі академия құрған терминдерге, ал басқалары лингвистикалық ережелер, зерттеулер мен тіл облысындағы теорияларға және академия мүшелерінің жұмыстарына арналған. Каир академиясы өзінің терминология саласындағы белсенді жұмысының нәтижесінде 150 мың термині бар 44 топтама шығарды.
Ирақ Ғылым академиясы 1947 жылы Бағдадта құрылды. Алдыңғы академиялар секілді бұл мекеме де мүшелерінің зерттеулері жиналған журнал шығарып, трактаттар, кітаптар және басқа да құнды деректер сақталған кітапханасын құрды.
Иордания Араб тілі академиясы. 1976 жылы Иордания үкіметі арабтандыру, аударма және баспа бойынша Комитетті Араб тілінің иорданиялық академиясына ауыстыруға қаулы шығарды. Араб әлемі елдерінде орналасқан басқа да академиялар сияқты бұл академияның негізгі мақсаты араб тілін сақтауда болды. Академия 1978 жылдан бастап өзінің жылдық журналын шығарады, өз кітапханасын және терминдер мен олардың сақтауға арналған компьютерлік орталық құрып, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізеді.
Марокко Корольдығының Араб тілі академиясы 1977 жылы Рабатта құрылды. Академияның жұмыс тілдері араб, француз, испан және ағылшын тілдері болып табылады. 1980 жылдан бастап «Академия» жылдық журналын шығарады, сондай-ақ жыл сайын академияның барлық мүшелері жиналатын арнайы сессия өткізеді.
Хартумдағы (Судан) Араб тілі академиясы 1990 жылы құрылды, оны доктор Абдулла әт-Таиб басқарды. Академия жылына екі рет «Мажаллят мажмаа