Араб тілінің терминологиясы. Анар Мустафаева
қызметі Мұхаммед Әли билігінен кейін де өз жалғасын тапқанымен, келесі кезең мұндай қызу белсенділікпен ерекшеленбеді. Ұлттық аударма саласының дамуының себебі ойы айқын билеушінің бастапқы кезеңде Египет үкіметі үшін қажет болған шетел мамандарын қолданғысы келмеуінде еді. Бұл жағдай реформалық саясатты түсініп, елдегі жағдайды бағалай алатын мамандардың тапшылығымен түсіндірілді. Әр-Рауфтың айтуынша, «алты айда атқарылатын жұмыс мысырлықтардың селқостығынан бес жылға созылды» [15, 247-б.]. Дегенмен Мұхаммед Әли жүргізген айқын саясаттың арқасында ғылым мен техника бойынша көптеген еңбектер араб және түрік тілдеріне аударыла бастады. Мұнда мысырлықтардың еуропалық білім алуы маңызды рөл атқарды, нәтижесінде Египеттің көптеген азаматтары білім алу мақсатында Еуропа елдеріне барды. Бұл мамандарға қойылатын негізгі талап шетелде алынған білімді өз елінің дамуында қолдану болды. Олардың тәжірибесі білім саласында, негізінен, жергілікті үйренушілерге алынған білім мен машықтарды үйретіп, шет тілдерінен түрлі еңбектерді аудару барысында пайдаланылды. Мұхаммед Әли Италияға 1809 және 1813 жылдары екі рет сапар жасап, нәтижесінде Египетте баспа, кеме жасау ісі дамыды және әскери істе итальян машықтары қолданылды. Бұл өз кезегінде терминологияның дамуына әкелді.
Аталмыш екі сапар әскери, теңіз-құрылыс саласында терминдер құрастыруға және кітап басу арқылы ақпарат таратуға себепкер болды. Египет реформаторы араб тіліне аударуға көптеген еңбектер және кейіннен көп таралыммен елдің түрлі аймақтарына кітаптардың таралуында негізгі құралға айналған баспа құрылғысын әкелді. Кейін Мұхаммед Әли білім берудің жергілікті ошақтарын құра бастады. Солардың бірі – медициналық мектеп құрылысы, мұнда итальяндықтар мен француздар жұмыс істеді, ал тілдік мәселелермен, оның ішінде сабақ кезіндегі аудармаға аудармашыларды таңдау және іздеу жұмыстарымен француз дәрігері Антуан Кло айналысты. Мұхаммед Әли өтініші бойынша А.Кло Египет армиясында медициналық оқыту және аудару орталығын ұйымдастырып, өмірінің көп бөлігін сол елде өткізді. Ол Египеттің дамуына айтарлықтай үлес қосқандықтан, оны «Клот-бек» деп атады (бек – «мырза» мағынасындағы түркі сөзі). Клот-бек басқарған медицина және фармацевтика факультеті араб тіліне медицинаның түрлі саласы бойынша 86 кітап аударды. Клот-бек аудармашыларына Еуропа ұстаздарының дәрістерін дәйекті түрде аудару оңайға соқпады, себебі олар аударманың көптеген мәселелеріне, атап айтқанда медициналық терминдерді аударудағы қиындықтарға тап болды. Мұндай дәрістер кезінде терминдердің мағыналық бұрмалануы мүмкін болғандықтан, Египет үкіметі алдында арнайы тілдік мектептер ұйымдастыру қажеттілігі тұрды. Осындай мектептердің бірі Аудармашылар мектебі болды, мектепті 1837-1849 жылдар аралығында мысырлық ағартушы, жазушы әрі қоғам қайраткері Рифаа Тахтауи басқарды. Ол еуропалық білім алып (1826-1831 жж.) Франциядан келген соң, бес жыл көлемінде оқитын жиырма студентке аудармадан оқытушы болды.