Шежірем сыр шертсе. Тажис Мынжасар

Шежірем сыр шертсе - Тажис Мынжасар


Скачать книгу
жетілдіріп, тарихта «Жеті жарғы» деген әйгілі атпен із қалдырған заң жобаларын жасатып, іске қосты. Бұл заңдар жиынтығы феодалдық право тәртібі мен мемлекеттік құрылыстың негізгі шарттарын белгілеп берді. Ол бытыраңқы қауымдардың ішкі шаруашылық өміріне сәйкес құрылып, бүкіл қазақ сахарасына тиесілі заңдар кодексі деп жарияланды. Түркістанда «Үш жүздің» атақты биі, батыр, хандары бас қосқан үлкен жиында қабылданды.

      Ол байырғы әдет-ғұрып нормаларын жеті үлкен салаға бөліп қарады. Оның «Жеті жарғы» аталуы да осыдан. Оған билер сотын жүргізудің түйінді мәселелері, хандықтарды бірлікке, ынтымақтастыққа үндейтін, сыртқы жауға әскер бөліп, күш біріктіріп аттануға міндеттейтін, ру-тайпа басшылары–би, батырлардың ел басқарудағы рөлі мен орнын анықтайтын, көрші елдермен дипломатия, сауда-саттық жүргізу құқықтарын белгілейтін заңдар мен актілер кірді. Сондай-ақ әкімшілік-шаруашылық іс жүргізу, қылмыстық істер, неке, қалың мал, әмеңгерлік, шариғат, құн мен айып төлеу нормалары, хандық, сұлтандық, билік, ру басылық борыш салықтарымен бірге, жаңа аманаттық алым-салық түрлері, хандар мен билер кеңестерін, «жүздік» шонжар жиындарын шақыру тәртіптері енгізілді. Мәселен, Құн төлеу нормалары бойынша сұлтан мен қожалар құны қарапайым қаралар құнынан 7 есе артық болса, әйелдер құны ердікінен 2 есе кем болды. «Жүз» аралық үлкен дау-жанжал, жетім-жесір тартыстарын атақты үш би–Төле, Қазыбек, Әйтеке билер шешетіні ресми түрде алғаш рет осы «Жеті жарғы» заңдары арқылы бекіді. Барлық ру-тайпалар ұраны мен олардың мал-мүліктеріне басатын таңба түрлері де ең алғаш осы заңдарда белгіленді.

      Алайда бұл шаралар бәрібір «үш жүз» хандарын ұзақ уақыт бастарын қосып ұстап тұра алмады. Тәуке ханнан кейін үлкен хандар «жүз» хандарына билік жүргізуден бірте-бірте қала бастады. Кейінгі 20‒25 жыл ішінде биліктің бұл тоқырауы қатты белең алды. 18 ғасырдың 20 жылдары сыртқы жауларға қарсы соғыстарда әскери дарыны, ерекше ерліктерімен көзге түскен, сөйтіп халық арасында заңды беделге ие болып, абыройы асқақтаған «Кіші жүз» ханы сайыпқыран Әбілқайырдың өзі керек кезінде билігін хандыққа түгел тарата алмады. Болат хан өлгеннен кейін Семеке мен Күшік хандар «Орта жүз» хандығын бөліп биледі. Ал осы жүздің Барақ, Әбілмәмбет сынды сұлтандары өз иеліктерін жеке басқарды.

      Осындай хандар мен сұлтандар арасында орын алған бірін-бірі мойындағысы, бір-біріне бағынғысы келмеген алтыбақан алауыздық салдарынан қазақтар 1723 жылы басталған жоңғарлар шапқыншылығына бір кісідей ұйымдасып, жеткілікті дайындала алмады. Нәтижесінде ұрыстарда жауға қарсылық көрсете алмай, үсті-үстіне қирай жеңілді. 1724–25 жылдары Түркістан мен Ташкент қалалары талқандалды. «Ұлы жүз» түгелдей жоңғарлардың қол астында қалды. Қалған қазақтар Орта Азия мен батысқа, Ембі, Елек, Жайық өзендері алқабына жөңки қашты.

      Әскери шығын былай тұрсын, қонтайшылардың қанқұйлы зұлым әрекеттеріне шыдамай беталды босқан бейбіт халық, аштықтан азып-тозып, қатты шығынға ұшырады.


Скачать книгу