Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап. Коллектив авторов
шақырды. Жолбарыс хан өз кезегінде Орта Азия саудасын нығайтуға жәрдемдесу мүмкіндігі туралы мәлімдеп, сауда керуендерін қорғауға уәде берді. 1738 жылы 19 қыркүйекте императрица грамота негізінде Ұлы жүздің Ресей құрамына қабылданғандығын растады. Бірақ аймақтың Ресейден алшақ орналасуы, күрделі сыртқы саяси жағдай бұл актінің жүзеге асырылуын кейінге ысырды, дегенмен ол кейіннен мәжбүрлі түрде орындалған болатын.
Кіші жүз және ішінара Орта жүз қазақтарының Ресей бодандығын қабылдағандығы жөніндегі заңдық акт рәсімделгеннен кейін оның нақтылы жүзеге асырылу кезеңі басталды. Мұнда маңызды рөлді «Қырғыз-қайсақ экспедициясы» атқарды. Ол кейіннен Орынбор экспедициясы деп өзгертілді. Орынбор экспедициясы 1734 жылы ұйымдастырылды, оны Сенаттың обер-секретары И.К. Кириллов басқарды, ал көмекшісі болып Кіші жүзге жіберілген үкіметтің тапсырмасын сәтті орындағаны үшін полковник қызметіне ауыстырылған А.И. Тевкелев тағайындалды. 1734 жылдың басында императрицаның атына және шет елдер ісі коллегиясына жасаған ұсынысында И.К. Кириллов Ор өзенінің Жайыққа құяр жерінде қала қамал салу керектігіне назар аударды. 1734 жыл 10 маусымда императрица И.К. Кирилловқа Арал теңізінде кемелер жасағын құруға тырысу керектігін тапсырды. И.К. Кирилловтың шет елдер ісі коллегиясына жасаған ұсынысын мұқият зерттегеннен кейін императрица Орынбор экспедициясы басшысына башқұрттардың, қазақтардың, Жоңғарияның және Хиуаның қарым-қатынастары туралы нұсқауды бекітті. Қазақстандағы және көршілес елдердегі жағдайды жиі хабарлап тұрудан басқа, Әбілқайырдың Хиуамен соғысында қару-жарақ пен соғыс қажеттіліктеріне көмектесу қажет болды. 1734 жыл 10 маусымда грамотамен императрица Әбілқайыр ханды қорғауға арналған Ор өзені бойында қала қамал құрылысын салуды бекітті. Экспедицияның жан-жақты жоспары бірнеше себептерге, соның ішінде 1734-1738 жылдары башқұрттардың көтерілісіне байланысты жүзеге аспай қалды.
Сонымен бірге 1734 жылы 10 маусымда Орта жүз ханы Сәмекеге оның тағы да бодандыққа қабылдау жөніндегі өтінішін бекіткен императрицаның грамотасы жіберілді. Бірақ Сәмекенің өліміне байланысты грамота тапсырылмай қалды. Орта жүздің жаңа ханы Күшік пен Барақ сұлтан 1735 жылдың соңында Тевкелевтің атына жазылған хатта Ресей бодандығын қабылдағандығын растап, оларға елшілік жіберуін сұрады. 1736 жылы Ресей бодандығын Орта жүздің батыры Жәнібек өз ауылдарымен бірге қабылдап, осы жүздің сұлтандары – Барақ пен Сәмекенің ағасы Әбілмәмбет те бодандықты қабылдағандығын растады. Ресей әкімшілігінің беделін көтеру үшін Әбілқайыр қазақ көпестерінен салық алуды тоқтату жөніндегі сұрақты көтерді. Ресей үкіметі Әбілқайырдың қазақтарға бодандықты қабылдауына көмектескен іс-әрекеттеріне қанағаттанды. Әбілқайыр және оның айналасындағылар арқылы Ресей қазақ даласындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік алды.
И.К. Кириллов Ор өзенінің бойында қамал, қазіргі Орынбор қаласын салдырды. Орынбор қаласы Ресейдің Шығысты отарлаудағы тірек базасы