Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап. Коллектив авторов
сүрді9. Жалпы, әскери меншік болып табылатын жерде казактар егіншілікпен, мал шаруашылығымен және балық аулаумен айналысты. 1748 жылдан бастап үкіметтің бұйрығымен казактар жаз мезгілінде шөп дайындап, бекініске жақын жерлерде хуторлар сала бастады. Осы уақыттан бастап Жайық пен Елек қалашықтарының және Жайыққа құятын кішігірім өзендердің аралығында көптеген хуторлар пайда болды. Жайық пен Еділ өзендерінің аралығында, сонымен қатар Жайықтың оң жағалауында хуторлардың салынуы қазақтардың жерін шектей түсті. Ал қазақтарға казак шаруашылық құрылыстары ауданында көшіп-қонуға рұқсат берілмеді. Егер Жайық бойында Жайық және Орынбор казактары мен қалмақтарының иеліктері болса, ал Каспий теңізінің жағалауындағы жерлер де қазақтар үшін қолжетімсіз болды. Бұл жерде помещиктер – Безбородко мен Юсуповтардың саяжайлары болды. 305 шақырым бойы, яғни Еділдің сағасынан Жайықтың сағасына дейінгі Каспий теңізі жағалауының барлық жері помещиктердің алқабы болды. Екі помещиктің де саяжайлары бос болды және онда ешкім тұрмады, жағалауда балық шаруашылығымен айналысатын көпестерге қайта сатып алуға берілді. Помещиктердің приказчиктері қазақтарды бұл жерлерге үлкен төлем төлегенде ғана өткізді. 1752 жылы Ой шебін Ертіс шебімен байланыстыратын 10 бекініс пен 53 редуттан тұратын әскери бекіністің шебі салынды. Бұл шеп Омбы бекінісін Звериноголовск (Бағлан) бекінісімен қосты және Жаңа Есіл деп аталды. Осының нәтижесінде орыс шекарасы Орта жүздің жеріне қарай 50-200 шақырымға созылды. Мұндай әрекет қазақтардың қалыптасқан көшу жүйесін бұзып, Ертістің оң жағалауындағы жайылымдық жерлерінен айырды. Әскери шептердің салынуы патша үкіметіне Орта жүз қазақтарының жерлерін шектеуді заңдастырған XVIII ғасырдың 50-жылдары алғашқы заңдық актілерді қабылдауға мүмкіндік берді. 1755 жылдың наурызында шетелдер ісі коллегиясы Ертіске өтуге тыйым салды. 1764 жылдан бастап қазақтарға Ертіске 10 шақырымға және бекіністер мен форпосттардың аудандарына 30 шақырымға жетпей көшуге рұқсат берілді. Осылайша, қазақтар ең жақсы жайылымдарынан айырылып қалды. Қазақтардың казак хуторларын жоюға деген ұмтылыстары осы жағдайларға байланысты түсіндіріледі. 1756 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарына Жайықтың оң жағалауына қыстауға көшуіне тыйым салынғандықтан, қазақтардың Жайық және Орынбор казактарымен қатынастары шиеленісті. Осыдан соң патша үкіметі қазақтарды жуасыту үшін «әскери барлау», яғни қазақ даласында кішігірім жазалау экспедицияларын ұйымдастырды. Казактарға тұтқындар алуға, мал-мүлікті тартып алуға рұқсат берілді. Үкіметтің «әскери барлау» атты бұйрығы Жайық және Орынбор казактарының қазақтарға, көбінесе, себепсіз тонаушылық жорықтарын ұйымдастырып, ауылдарын шауып, тонауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге казактармен қақтығыстарға қатысқан ауылдар шалғайда орналасқан болатын, ал қудалауға шептердің жанындағы бейбіт ауылдар ұшырады. 1742 жылы 19 қарашадағы қазақтарға Жайық арқылы малын айдап өтуге тыйым салатын бұйрықты казактар өздеріне тиімді пайдалануға тырысты. Малды айдап өтуі үшін қазақтардан көп мал талап етті. Патша әкімшілігі
9
Абдиров М.Ж. История казачества Казахстана. – Алматы, 1994. – 160 с.