Телерадиожурналистика. Клара Қабылғазы
Соның бірі – ақын Виктор Гусевтің «Тыңда, фронт!» атты күн сайын бір сағаттан берілетін бағдарламасы. Майдандағы бауырласқан, бір мақсат үшін күресіп жатқан жауынгерлер ерліктері тақырып болған небір тамаша өлендер, әндер, пафосқа толы туындылар соғыс кезіндегі радиопублицистиканың көрнекті мысалдары бола алады. Тіпті «Евгений Онегин» операсынан үзінділер берілуі, «Василий Теркин» поэмасынан, «Соғыс және бейбітшілік» романынан бөлімдердің оқылуы, әрине, үлкен рухани күш бергені анық. Музыкалық хабарлардың көптеп берілуі де жауынгерлерді жеңіске бастады. Мысалы, Ресей әскерлері «Священная война» әнін салса, қазақ жауынгерлері «Жас қазақ» әнін шырқады. Әр тілде, әр жүректе айтылғанымен жеңіске жетуге деген арман ортақ болатын.
1942 жылдың 1 маусымында партизандарға арналған бағдарламаның алғашқы саны шықты. Жер-жерде партизандық күресті дамыту арқылы да кеңес әскері көп жеңіске жеткен. Сондықтан мұңдай хабардың ашылуы қажеттіктен туған. Майдан шептерінен жеткен жеңістерді хабарлап, партизандардың еңсесін көтеретін радиотуындылар берумен бірге «Партизандарға кеңес», «Қалай жаудың қатынас құралдарын жою керек?», «Маскировка жасау шеберлігі», т.б. айдарлардың өз тыңдармандарына көп көмегін тигізгені ақиқат. Сонымен бірге радиодан туған-туысқандардың, жолдастардың бір-біріне амандық білдіріскен хаттары да берілді, мұның өзі пошта қызметінің мүмкіндігі жоқ кезде адамдарды моральдық тұрғыдан демеуге көмек берді. Осы кезде тылдағы адамдар да майдандағы жауынгерлерден кем қалмай еңбек майданында күресті. Сондықтан көптеген хабарлар беріліп, айдарлар ашылып, еңбек жеңістерінен хабардар етіп отырған.
1945 жылдың 2 мамырында атақты Ресей репортері Лазарь Маграчевтің дауысы 14 сағат 45 минутта Берлиннен естілді: «Қымбатты жолдастар, отандастар! Сіздердің корреспонденттеріңіз Берлиннің орталығындағы Унтер ден Линден көшесінен сөйлеп тұр. Рейхстагтың үстінде біздің алқызыл ту желбіреп тұр, ал көшелерінде біздің әскерлер алшаң басып жүр», – деген сөздері тарихи жеңісті бүкіл әлемге жариялады. Ал 1945 жылдың 2 мамырында 23 сағат 30 минутта Маграчев Берлиннен: «… дәл осы сәтте Германияның тізе бүгіп, Кеңес Одағының жеңгені жөніндегі құжатқа қол қойылып жатыр!», – деп хабарлады. Радиорепортаждың нағыз үлгісін, шапшаңдықтың өнегесін осылайша танытты радиожурналистер. 9 мамыр күні И.В. Сталин халыққа арнап сөз сөйлеп, фашистердің толық жеңілгенін хабарлады. Осы күні 22 сағатта отшашу беріліп, Жеңіс мерекесі қазақ жерінде де тойланып жатты. 1945 жылдың 24 маусымында гитлерлік Германияны жеңуге арналған әскери щеруден репортаж берілді. «Отанымыз – Москва» деген идеологиямен нәрленіп өскен біздердің атааналарымыздың бойында патриоттық рух керемет болатын. Олар Мәскеу үшін бастарын өлімге тікті, Мәскеу үшін отқа түсті. Тылдағы халқымыз Мәскеу үшін аянбай еңбек етті. Әрине, идеологияның қуатты күшінің әсері өз алдына, тәуелді мемлекет болғандығымыз да сол майданда қаза болған қандастарымыздың өміріне қатысты.
1946-1950 жылдардағы