Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап. Коллектив авторов
хандығының құрылу себептері мен ондағы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайдың дамуын баяндауда өз пікірін ұстанып, «Бөкей ордасының құрылуы және оның жойылуы» тақырыбы бойынша Алматыда кандидаттық диссертациясын қорғады.
Бөкей хандығына тікелей арналған ірі зерттеу танымал қазақ ғалымы С. Зимановтың монографиясы болды. Ол Ішкі ордадағы қазақтардың әлеуметтік-экономикалық қатынастары шаруашылығының эволюциясына, сол секілді Бөкей хандығындағы саяси-құқықтық жүйеге қатысты ғылымда қалыптасқан көзқарасты сынға ұшыратты. Салық Зиманов Сырымның жетекшілігімен болған халық көтерілісінен кейін Кіші жүзде туындаған қиын әлеуметтік-саяси жағдай Бөкей ордасы құрылуының шешуші факторы болып табылды деп көрсетті.
1811 жылы 11 қарашада I Александр өзінің жарғысымен сұлтан Бөкейді «Кіші орданың ұлы дала және ұлы мәртебелі ханы» атағымен бекітті. 1812 жылы 1 мамырда оған аса маңызды грамота тартылды әрі Бөкей хан «Оралдың арғы даласындағы, сол секілді Оралдың төменгі ағысындағы және далалық Астраханьдағы көшіп-қонушы» қазақтардың ханы аталды. 1812 жылы 7 маусымда орынборлық әкімшілік Бөкейді хан мәртебесіне салтанатты түрде отырғызды. Бөкейдің хандық басқару кезеңі ұзаққа созылған жоқ, бекіткеннен кейін үш жыл өткен соң Бөкей қайтыс болады (1815 ж.). Хандық биліктің заңды мұрагері болып, оның туған ұлы Жәңгір сайланды. Ал ол кәмелет жасына жеткенге дейін орданы басқаруды Бөкейдің кіші інісі сұлтан Шығай Нұралиев атқарды.
Жәңгір хан тұсындағы Ішкі орданы басқару (1823-1845 ж.). 1823 жылы 22 маусымда император I Александр Ішкі орданың ханы етіп Жәңгірді сайлау туралы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысын бекітті. 1824 жылы 24 маусымда Орал қаласында Орынбордың шекара басқармасының жоғары шенділерінің қатысуымен Жәңгір хан болып жарияланды.
Жәңгір ханның билеу дәуірі тарих ғылымында революцияға дейінгі (М. Киттары, Н. Троицкий,А. Евреинов,А. Терещенко, П. Небольсин, П. Медвежский, М. Иванин, М.С. Бабаджанов, А. Харузин, А. Алекторов және т.б.), кеңестік (А. Рязанов, М. Вяткин, В. Шахматов, Б. Аспандияров, С. Зиманов және т.б.) авторлармен жеткілікті деңгейде зерттелген.
Жәңгір хан Ішкі орданы басқарудың бірыңғай құқығын иеленіп, басқарудың ерекше аппаратын, яғни сұлтандардан 10 хандық депутатты құрып, олар хан атымен барлық ірі руларда басқару құзыретіне ие болды. Сол секілді хан жанында әрбір рулық басшылықтан бір биден сайланатын кеңес органы – 12 биден тұратын хандық кеңес шақырылып отырды. Кеңес хан ордасында орналасты және одан басқа түрлі тапсырмаларды орындау үшін 12 старшын жасауыл ретінде болды. Олардың барлығын, тіпті, молдаларды хан өзі тағайындады және олар тек ханға ғана бағынды. Жәңгір хан тұсында Бөкей ордасында басқарудың бюрократиялық аппараты құрылып, биліктің хан қолында орталықтандырылуымен ру билеушілері – сұлтандар мен старшындардың атқаратын міндеттері айқындалды. Сот билігі, негізінде, ханның, хан кеңесі мүшелері – билердің және хандық депутаттар – сұлтандардың қолында шоғырланды. Хан өзінің билігімен