Жалпы гидробиология. Б. Минсаринова
300-500 метрлік ойпаттар мен жазықтарда ағады және тау өзендері – бедері 300-500 м-ден биік тау жоталары мен қыраттарды басып өтеді. Өзенді бастау көзінен сағаға дейінгі аралықты ағыс ыңғайымен үш бөлімге бөледі − жоғары, ортаңғы және төменгі ағыстар. Тау өзендерінің жоғарғы ағысында өзен арнасы тар, еңістігі біршама тік және ағысы жылдам болады. Жоғарғы ағыста өзен арнасын айтарлықтай жуып-шаю жүзеге асады және өзеннің түбі тасты болып келеді. Тек шамалы жерлерде негізгі грунттар тасымалданатын және тұнбаға түсетін материалдармен үстінен жабылады. Өзендердің бұл учаскелерінде сарқырамалар мен құламалар жиі кездеседі.
Өзеннің орта және төменгі ағыстарына ауысқан кезде арнаның еңкіштігі төмендейді, салаларынан су келіп қосылуының нәтижесінде су молаяды, суқозғалысының жылдамдығы төмендейді және құламалар мен өзен арнасының жалпақтау жері кезектесіп алмасып отырады. Десе де өзеннің орта ағысында оның арнасы кеңейеді, ағысы баяулайды, тік бұрылыстар мен иірімдер пайда болады. Өзен арнасы түзелген жағдайларда бөлініп қалған өзенмен байланысын үзген тік бұрылыстар ескі арнаға айналады. Ортаңғы ағыста өзеннің түбінің әр жерлерде негізгі грунт болады, негізінен, ол аллохтонды грунтпен төселінеді.
Өзеннің төменгі ағысында оның ені максимумге жетеді, ағыс жылдамдығы баяулайды, түбі тек аллохтонды грунтпен (құм, лай) төселінеді. Көптеген өзендер көлге немесе теңізге құяр алдында атырауға не сағаға (дельта) айналады. Бұл дегеніміз – көптеген қолтықтарға бөлінген және аралдары мен қайраңдары көп арна.
Өзен атырауы әдетте екі типке: сағаға және эстуарийге бөлінеді. Саға – тарамдалған, теңіздің тайыз бөлігіне келіп құятын өзеннің тасып әкелген шөгінділерінің нәтижесінде пайда болған атырау. Эстуарий – өзеннің теңіз жағына қарай кеңейе беретін шанақ тәріздес сағасы, ол теңіздің толысуы мен қайтуы болатын жағалауларға тән болады. Салалар әсеріне ұшырамаған эстуарийді лиман деп атайды.
Өзеннің атырау аймағы атырауалды, сағалық және теңіз кемері (сағалық емес) деп бөлінеді. Атырауалды учаскесі өзенге тән режимге ие, оның жоғары шекарасы болып өзеннің төменгі ағысындағы теңіз тасуының әсері жетпейтін жері саналады, төменгі шекарасы – негізгі арнаның салаларға бөлінетін жері, ал эстуарийлер – өзен суы мен теңіз суы араласатын белдем. Өзеннің сағалық учаскесі атырауалды учаскесінің төменгі шекарасынан теңіз етегіне дейін немесе эстуарийдің аралдық құрылымдарына дейінгі кеңістік. Теңіз кемері – шартты сызық, ол теңіз жақтан басталған дельтаның немесе суасты қайраңына орай жүргізіледі.
Өзен аңғары жер бетінде аса енді емес, әдетте ұзына бойы ирелеңдеп созылып жатқан ойыстау жер. Бірнеше аңғарлар бірімен бірі қосылып ірі аңғарлар құрайды, еш уақытта бір аңғар екінші аңғарды кесіп өтпейді. Өзен аңғары бірнеше бөлімнен тұрады – табан, тальвег (фарватер), арна, жайылма алқап. Табан өзен аңғарының тегіс келген еңістігі бар бөлігі, тальвег – аңғардың табанының ең терең нүктелерін қосатын