Жалпы гидробиология. Б. Минсаринова

Жалпы гидробиология - Б. Минсаринова


Скачать книгу
(осы жылдан бастап өзен ағынының күрт азаюы басталды) 10 м тереңдікке дейін түптік организмдердің биомассасының біршама төмендеуі байқалды, ал 1964 жылдың басында бүкіл теңіз бойынша биомассаның тұрақты түрде төмендеуі басталды. 1968-1974 жылдары жалпы биомассаның өсуі шығу тегі теңіздік эвригалинді түрлер нереис пен синдосмияны ойдағыдай жерсіндіруге байланысты болды. Зообентос биомассасының ары қарай өсуі (1975-1981 жж) барлық эвригалинді түрлердің биомассасының артуымен байланысты. 70-жылдардың аяғында орташа биомасса 196 г/м2 болды, бұл көрсеткіш өзендер ағынын реттегенге дейінгі көпжылдық орташа көрсеткіштен8,5 есе артық болды. 1989-1991 жылдардың күзінде Үлкен теңізде биомасса мен сан мөлшері 1898-ден 4748 дана/м2 және 108,8-ден 323,7 г/м2-қа дейін ауытқыды.

      1982,1985 және 1989-1994 жылдары Кіші теңізде зообентостың жалпы саны 1458-ден 13490 дана/м2, биомасса – 197,3-321,1 г/м2 аралығында өзгерді. Кіші теңіздің біршама өнімді бөлігі Бутаков бұғазы болды, онда орташа биомасса 646,0 г/м2-қа жетті. 1996 жылы Бутаков бұғазында макрозообентостың құрамында Арал теңізіне тән барлық түптік омыртқасыздар топтары анықталды. Мысалы, қосжақтаулы моллюскалар Abra ovata, Cerastoderma isthmicum Issel және көпқылтанды құрттар Nereis divercolor кездесті. Бентостың орташа биомассасы мен сан мөлшері біршама жоғары болды және 646 г/м2 және 42,3 мың дана/м2 құрады. Барлық станцияларда биомассасы және саны бойынша қосжақтаулы моллюскалар Abra ovata басым болды. Зообентостың бұғаздың акваториясы бойынша орналасуы біршама біртекті, ал олардың салыстырмалы биомассасы аз ғана өзгеріп тұрды.

      Кіші Аралдың фаунасының болашағы тұздылықтың төмендеуінің қаншалықты ұзаққа баратынына тәуелді. Қазіргі кезде теңіздің акваториясының басым бөлігі ащылаусулылық тұздылықты аймақта, суқоймасының тұщысулы-ащылау сулы өтпелі аймағы басым. Сырдарияның құйылыс сағасының алдында көлемі жағынан шағын негізгі тұщысулы тұздылық аймағы бар. Осыған орай теңізге осы аймақта бұрында мол болған Dreissena polymorpha aralensis қайта оралуы мүмкін.

      Еркін тіршілік ететін омыртқасыздардың түрлік құрамы Аралдың тұздану үдерісі бойынша біркелкі өзгерген жоқ. Өйткені кезекті тұздану кезеңі салыстырмалы тұрақтылық кезеңімен алмасып тұрды. 1971-1976 жылдары, алғашқы күйзеліс (кризис) кезінде, тұздылық 13‰-ден асқанда, гиперосмостық реттелуге қабілетті шығу тегі тұщысулық және ащылаусулық түрлер жойылды. 1986-1989 жылдары, екінші күйзеліс кезінде, тұздылық 27-32‰ болғанда, шығу тегі каспийлік гипоосмостық реттелуі әлсіз ащылаусулық түрлер жойылды. 1990-жылдардың аяғында және 2000-жылдардың басында үшінші күйзеліс кезінде, тұздылық 47-52‰-ге жеткенде және одан асқанда Үлкен Аралдан жоғары тұздылықта белсенді осмосреттелуге қабілетсіз және бұл жағдайларда осмоконформаторлар болып табылатын шығу тегі теңіздік түрлер жойылды.

      Арал теңізі бөлінгеннен кейін 1989 жылы Кіші Аралда су балансы оң болып, оның тұздылығы кеміді. Омыртқасыздар фаунасының жаңадан өзгеруі үшін жағдай жасалды. Ащылаусулық формалардың өкілдеріне қайтадан қайтуға мүмкіндік болды және зоопланктон мен зообентостың тұщысулық түрлерін қайта жерсіндіруге (реинтродукция) жағдайлар туды. Үлкен Аралдың


Скачать книгу